Батуттағы гимнастикадан ұлттық құрама бапкері биылғы маусымды қорытындылады
Батуттағы гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Сергей Вертянкин спортшылардың биылғы маусымдағы көрсеткіштерін қорытындылады. Бас бапкердің айтуынша, ағымдағы жылы гимнастардың нәтижесі айтарлықтай жоғарылаған.
« Жыл басында Азия ойындары мен өзге де ірі жарыстарға қатысатын құрам жасақталды. Биылғы маусымда батуттағы гимнастикадан Қазақстан спортшылары әлем кубогінің үш кезеңіне және Азия ойындары мен Азия, әлем чемпионаттарына қатысты.
Әрине, жылдың басты додасы Азия ойындары болғаны анық. Құрлықтың кешенді жарысына біз Пірмаммад Әлиев (Шымкент) пен Данил Мұсабаевты (Қарағанды) дайындадық. Өкінішке қарай, тізесін жарақаттап алған Мұсабаев Джакартадан сырт қалды. Азия ойындары алдындағы тыңғылықты жаттығу жиынымыз Бакуде өтіп, Пірмаммадтың бағдарламасын толықтай дайындадық. Басты мақсатымыз – қателікке жол бермей, финалға өту болатын.
Азия ойындарында батуттан ерлер арасында бір медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жүлдеге Қытай, Жапония, Өзбекстан, Индонезия, Қазақстан және Солтүстік Кореядан 10 спортшы қатысты. Әлиев іріктеу кезеңінде 103.470 ұпаймен 5-ші орын иеленді. Ал финалда еркін бағдарламаны сәтті орындап, Қазақстандағы батут гимнастикасы тарихында тұңғыш рет Азия ойындарының қола медалін иеленді.
Әлем кубогі кезеңдері мен Азия және әлем чемпионатындағы Қазақстан спортшыларының көрсеткіші төмендегідей:
27-28 сәуір күндері Италияның Брешиа қаласында өткен бірінші кезеңде Әлиев/Мұсабаев жұбы қола жүлдегер атанды. Пірмаммад Әлиев жекелей сында финалға өтіп, үздік бестікке енді.
Әлем кубогінің екінші кезеңі спортшыларымыз үшін аса сәтті болған жоқ, ал Жапонияда өткен үшінші кезеңде Әлиев/Грачев жұбы 5-ші орын иеленді.
Филипиннің Манила қаласында өткен жасөспірімдер мен ересектер арасындағы Азия чемпионаты біздің спортшылар үшін жарқын жеңістерге толы болды. Пірмаммад Әлиев Азия чемпионы атанса, Данияр Түсіпов қола медальға иелік етті.
Қарашаның 7-10 аралығында Санкт-Петербургте өткен әлем чемпионатында П. Әлиев 16 орын иеленді. Ал акробатикалық жолақта Александр Ромахов 12-ші сатыдан көрінді.
Батуттағы гимнастикадан Қазақстан құрамасы биылғы маусымда сәтті өнер көрсетті деп айтуға толықтай негіз бар. Бүгінде спортшылардың нәтижесі жақсарып, жас өрендер өсіп келеді. Алдағы жылы Токио Олимпиадасына екі жолдама алу міндеті тұр. Сол себепті, лицензиялық турнирлер қарсаңында спортшылардың комбинацияларын қиындату көзделіп отыр.
Олимпиадалық цикл басталғалы бері төртжылдық додасына іріктеу кезеңі айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Жаңа іріктеу ережесі бойынша, Олимпиада жолдамасы Токиода өтетін әлем чемпионатында, құрлық біріншілігінде және әлем кубогінің алты кезеңінің қорытындысы бойынша беріледі», - дейді бас бапкер.