Бауыржан бәрінен бас тартты ма
Бауыржан Оспанов. Бұл кісінің есімі қазақ спортында өте танымал. Ол өз ауылында мектеп салып, жастардың спортқа деген қызығушылығын оятып жүрген қамқор жан, меценат. Ол алдына келген талай талантқа қол ұшын берген кісі. Оның қанатының астында Қанат Ислам, Жанқош Тұраров, Нұрмахан Тыналиев (бұл тізім жалғаса береді) сияқты спортшылардың болғанын көз көрді. Бірақ, соңғы уақытта "Бауыржан бәрінен бас тартыпты" деген әңгімелер шыға бастады.
Әңгімені Әлімханұлынан бастауды жөн санадық. 2013 жылғы әлем чемпионы, Азия біріншілігі мен Азия ойындарының жеңімпазы Жәнібек, Рио Олимпиадасында сәтсіздікке ұшырады. Сол кезде 75 келіде жігітті табалағандар көп болды. Барған жарысында топ жаратын Әлімханұлының өзіне де ауыр тигені анық. Олимпиададан соң, кәсіпқойға кетсем бе, әуесқойда қалсам ба деп, екі ойлы болып жүрді. Қазақстан чемпионатына қатысты. Коханчик деген жас балаға жеңілгеннен кейін, ұлттық құрамадағы жағдайы да нашарлады. Сонымен, Жәнібек тәуекелге барып, қасына PR менеджерін алып, АҚШ-қа қарай беттеді.
PR менеджері өзіміздің әріптес, Берік Сұлтан деген азамат. Жақында Берік facebook парақшасында былай деп жазды:
"Көктемде деймін да...<br />Осыдан 6 ай бұрын Америкаға барамыз, билетке деп қарызға ақша алып, тәуекел деп ұшып кетіп едік. Күтіп тұрған ешкім жоқ еді. Аллаға шүкір барлығы жоспар бойынша орындалып, Top Rank-пен келісім шарт жасасып, Эгисті менеджер, Баддиді жаттықтырушы етіп екі бірдей жекпе-жек өткізіп алдық. Билетке деп алған қарызды да қайтарып бердік, Аллаға шүкір. Жанкүйерлер де жекпе-жекті тамашалады. Жәнібектің жанкүйерлері бұрынғыдан да артты. Америкада да көп жанкүйерлер пайда болды. Елде тілеулестер көбейді. Енді міне ертең бұйыртса елге ұшамыз. Ұшқанда да демалысқа бара жатқанымыз жоқ. Визаның шаруаларын реттеп, қайтамыз бұйыртса. Аз уақытқа бара жатырмыз. Жақсы күндеріміз көп болсын, бауырлар. Тілеулестік артып, көреалмаушылық жойылып берекелі күнде бақытты ғұмыр кешейік"!
