Таеквондодан Қазақстан құрамасы Дубайда оқу-жаттығу жиындарын өткізуде
Таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасы Біріккен Араб Әмірліктерінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр деп хабарлайды Olympic.kz.
Фуджейрада өткен Гран-при додасы мен командалық әлем кубогі аяқталған соң, команда мүшелері оқу-жаттығу жиындарына кірісіп кетті.
Аталған жиын ұлттық құрама спортшыларының биылғы маусымдағы соңғы басқосуы болмақ. Содан соң, спортшылар шағын үзіліс алып, жаңа жылда қайта жиналады.
Айта кетерлігі, 9 желтоқсан күні Қытайда таеквондодан Grand Slam турнирі өтеді. Аталған жарысқа Қазақстан тарапынан Жансель Дениз бен Смайыл Дүйсебай шақырту алған еді.
Өкінішке қарай, Фуджейрада кішігірім жарақат алған Дүйсебай Қытайдағы турнирге қатысудан бас тартты. Ал Жансель виза мәселесіне қатысты қиындықтарға тап болды. Егер виза уақытында берілетін болса, Қазақстан атынан Жансель Дениз қатыспақ.