Дмитрий Алексанин: Әлем кубогында Қазақстан туын желбіреткім келді
Семсерлесуден Қазақстан құрамасының үздігі Дмитрий Алексанин үшін 2018 жылғы маусым сәтті өтті. Ол Азия чемпионатының күміс жүлдегері және Азия ойындарының чемпионы атанып қоймай, әлем кубогінде үздіктер қатарына енді. Биылғы әлем чемпионатында алтыншы орыннан көрінуі де Алексаниннің қазір бабында екенін байқатады. Olympic.kz сайтына сұхбат берген спортшы бұл маусымның жаман болмағанын айтады.
- Биылғы маусым мен үшін өте сәтті өтті. Тіпті, менің мансабымдағы ең үздік маусым десем де болады. Федерация мен Қазақстан ҰОК қолдауының арқасында біраз биікке жеттім. Осы жылға қойған мақсаттарым толығымен орындалды. Жылдың басты жарысы – әлем чемпионаты мен Азиада болатын. Құрлық додасында жүлдеге ілігетінімді сездім. Нәтижесінде, бірінші орын иелендім.
Ал Азия ойындарында тек алтын аламын деген мақсат қойдым. Бұл ойым да орындалды. Әлем чемпионатында үздік сегіздікке енсем деген жоспар болған. Алтыншы орын алғанымды білесіздер. Маған ең ыңғайсыз қарсылас – француз Яник Борел тап болды. Швейцариядағы әлем кубогі жаңа маусымдағы алғашқы, ал 2018 жылдағы соңғы жарыс еді.
Бізде маусым басталып кетті. Әлем кубогіндегі қола медальдің арқасында 20 ұпай жинадым. Бұрын рейтингте сегізінші болсам, енді алтыншы орынға көтерілдім. Өз елімнің туын көкке көтеруді армандаған едім. Бірінші орын алмасам да, байрағымызды биікте желбіретудің мүмкіндігі туды.
Енді Таиландта оқу-жаттығу жиынын өткізіп, қаңтардан бастап жарысқа қатыса бастаймыз. 2020 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі келесі жылдың сәуірінде басталады. Сол уақытқа дейін бабыма келу керек, - дейді Алексанин.