Елсияр Қанағатов: Токио Олимпиадасына сапалы дайындық жүргізуші үшін барлық жағдай жасалады

Елсияр Қанағатов: Токио Олимпиадасына сапалы дайындық  жүргізуші үшін барлық жағдай жасалады

 

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті ұлттық құрама командалардың бас бапкерлерінен есеп ала бастады деп хабарлайды Olympic.kz. 

Бұл туралы ҰОК жанындағы Спорттық Дирекция басшысы Елсияр Қанағатов мәлімдеді. 

«Бір аптадан бері құрама команда бас бапкерлері есеп беріп жатыр. Жиында биылғы маусымды қорытындылап, командалардың алдағы жылға дайындық деңгейін пысықтаудамыз. Ең басты мақсат – 2020 жылғы Токио Олимпиадасына үлкен дайындық жүргізу. Биылдан бастап Олимпиадаға іріктеу турнирлері басталды. Спортшыларымыздың жолдама жеңіп алу мүмкіндігін де сараладық. Яғни, спортшылардың жетістіктеріне баға беріп, сәтсіздіктердің себебін анықтау мақсатында жүргізіліп жатқан іс-шара. 

Жұмыстың жаңа форматы бойынша, федерация өкілдерінің қатысуы міндетті. Бүгінде ҰОК қолдауымен медицина саласындағы білікті шетелдік мамандардың көмегіне жүгінудеміз. Олар келген бетте бапкерлерді тыңдау басталды. Сондықтан, дайындық пен спорттық медицинаға қатысты кез-келген сұрағына жауап алуға мүмкіндік бар. 

Бұл күндері бір-бірімізбен танысып жатырмыз. Кейін әр командаға бір маман бекітіледі. 16 желтоқсан күні АІВА базасында бірлескен жиын өтеді. Сол басқосуда дайындық барысына енгізетін әдістемелер сараланады. ҰОК осыған байланысты арнайы спорттық медицина Департаментін құрды. Аталған жиынға облыстардағы дәрігерлерді шақырып, біліктілігін арттыруды көздеп отырмыз. 

Әрбір федерация ҰОК-пен жұмыс істеу арқылы қолдауға ие болатынын, әріптестік орнатынын түсінді. Бұл барлық салаға қатысты. Біз федерацияларды нығайтып жатырмыз. Сапала мамандарсыз нәтижелі жұмыс болмайтыны белгілі. Федерацияда спортты дамыту үшін бізбен иық тірестіріп жұмыс істейтін тәжірибелі әрі білімді мамандардар отыруы тиіс. Біз кез-келген сұраққа жауап беруге дайынбыз.

Тағы бір маңызды мәселе- ғылыми кешенді топтарды құру. Біз бапкерлердің өз біліктілігін арттыруына, өз жұмысының сапасын жақсартуына мүмкіндіктер беріп, жағдай жасаудамыз. Бұл үшін бізге бапкерлердің жігері ғана керек. Ғылым алға озып барады, сол себепті, спорт та өзгеріске ұшырайды. Біз осы бағытта көштен қалмауға міндеттіміз. 

Есеп беру жиыны аяқталған соң біз күрмеуі шешілмеген мәселелерді назарға алып, командаларға қатысты барлық ұсыныс-тілектерді саралаймыз. Әсіресе, жазғы Олимпиада ойындарында медаль алуға қабілетті командаларға ерекше көңіл бөлеміз. 

Бас бапкерлер ҰОК-тың жүйелі түрдегі жұмысы өз  нәтижесін бергенін көріп отыр. Барлығы да 2020 жылғы Олимпиада ойындарына дайындықты жақсарту үшін жасалуда. 

Біз құрылымды өзгерткен кезде көптеген федерация өкілдері мен бапкерлер мұны ұната қойған жоқ. Алайда, жұмыс барысында мұның бәрі артта қалды. Біз жүйелі түрде жұмыс істеп, көптеген сауалдарға жауап алдық. 

Әрине, әлі біраз федерацияның мамандарына кәсіби түрде шыңдалу керек. Әрбір сала жоғары деңгейде жұмыс істеуге міндетті. Біз өз кезегімізде қажетті жабдықтарды алып беруге, мәселелерді шешуге дайынбыз», - деді Қанағатов.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или