UIPM Тимур Досымбетовті құрмет залына енгізді
Халықаралық қазіргі бессайыс федерациясының атқарушы комитеті UIPM 70 жылдығына арналған салтанатты шарада қазақстандық Тимур Досымбетовті құрмет залына енгізді.
Лимасольда (Кипр) UIPM-нің 70 жылдығына арналған Конгресс жұмысын бастады. Аталған жиынға Қазақстан қазіргі бессайыс федерациясының президенті Берік Имашев қатысуда.
Екі күнге созылған Конгресс барысында қазіргі бессайыстан өтетін жарыс жоспары анықталды. Сондай-ақ, жыл қорытындыланып, үздік бапкерлер мен спортшылар есімі аталды.

Тимур Досымбетовтің UIPM құрмет залына енгізілуі Қазақстан үшін айтулы оқиға болды. Даңқты спортшы елімізде қазіргі бессайысты дамытуға үлкен үлес қосқан болатын.
Досымбетов 1982 жылы Римде өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленген. Ол бірнеше жыл бойы КСРО құрамасының белді спортшысы болды.
ҚР ҰОК-нің алғашқы президенті КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері атағының иегері. Одан бөлек, халықаралық қазіргі бессайыс федерациясы Атқарушы комитеті мен Азия Олимпиада кеңесі техникалық комитетінің мүшесі, Қазақстан қазіргі бессайыс федерациясының вице-президенті қызметін атқарды.
Тимур Досымбетов 2015 жылы өмірден өтті. Оған өмірден өткен соң «UIPM құрметті мүшесі» атағы берілді.