Олег Вагизов: Әлем чемпионатына төрт спортшы апарамыз

Олег Вагизов: Әлем чемпионатына төрт спортшы апарамыз

Жүзу спортынан Қазақстан командасының бас бапкері Олег Вагизов қысқа қашықтықтағы әлем чемпионаты алдында Olympic.kz сайтына шағын сұхбат берді.<span> </span>Бас бапкердің айтуынша, спорттың бұл түрінде кемшіліктер жоқ емес. 

 - Бұл күндері Теміртауда өтіп жатқан Қазақстан кубогі додасына Баландиннен басқалары тегіс қатысуда. Дима жеке жаттығып жатыр. Өйткені, оның алдына қойылған міндеттер үлкен. 

Жақында ғана біздің жоспарымыздағы екі ірі жарыс аяқталды. Яғни, Азия ойындары мен Жасөспірімдер Олимпиадасын артта қалдырдық. Сол себепті, ел кубогінде спортшыларға айтарлықтай талап қоймадық. Бұл олар үшін кезекті жаттығу секілді десем де артық емес.

Алайда, ел рекордын жаңартқан Аделаида Пчелинцева қуантты. Ал кейбір спортшылар өздеріне ыңғайлы қашықтықта жүзген жоқ. Сондықтан, олардың дайындығына қандай да бір баға беруге әлі ерте.  

Біздің жанды жерімізге тиетін сұрақ – қазіргі резервтің жағдайы. Бұл мәселені бірнеше рет көтердім де. Тек қана ұлттық құраманы күшейту жеткіліксіз. Біз жалпы жүзу спортын дамытуға әрекет етуіміз керек. Шешуін таппаған мәселелер көп. Оның ішінде кадр тапшылығы мен кәсіби мамандардың аздығы да бар. Қазіргі жағдайымыз қуантарлықтай емес. Бірақ бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Желтоқсан айында қысқа қашықтыққа жүзуден әлем чемпионаты өтеді. Бұл жарысқа әлемнің кіл мықтылары түгел қатыспауы мүмкін. Мәселен, бізден Дмитрий Баландин қатыспайды. 

Аталған турнирге төрт спортшы апарамыз. Олар – Әділбек Мусин, Әділ Қасқабай, Александр Варакин және Аделаида Пчелинцева. 

Біздің ең негізгі мақсатымыз – үлкен бассейндегі әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеті, 2020 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алу. Сондықтан, желтоқсандағы әлемдік сын бізге шеберлігімізді арттыру үшін қажет, - дейді бас бапкер. 

Еске сала кетейік, Теміртауда жүзу спортынан Қазақстан кубогі бәсекесі өтуде.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или