Саят Салықов: «Спорт медицинасы шексіз дамуға мүмкіндік береді»
«Алматы» хоккей клубының дәрігері Саят Салықов сұқбатында бұл саланың қызық әрі қиын тұстары жайлы, хоккейге тән жарақаттар мен олардың емдеу жолдары, еліміздегі қайта қалпына келтіру орталықтары мен олардың кем тұстары және спорт медицинасымен айналысу үшін не істеу керектігі жайлы әңгімеледі. Осыған дейін маман «Сұңқар», «Ақбұлақ» атты футбол клубтарында жұмыс істеген. 2017 жылдың шілдесінен бастап «Алматы» хоккей клубында қызмет атқарады.
Кез-келген клуб спортшылардың денсаулығын қатаң қадағалайды. Тіпті спорттағы жетістікке де ұжымдағы дәрігердің қосатын үлесі көп. Сізге қоятын алғашқы сұрағым: неге спорт медицинасын таңдадыңыз? Бұл сала сізді несімен қызықтырды?
Спорт медицинасын таңдаған себебім, бұл сала көптеген бағыттардан тұрады. Осы үшін де ол өте қызықты. Әр бағытта өсіп, әрі қарай дамуға мүмкіндік бар. Спорт медицинасының травматология, ортепедия, физиотерапия, кинезотерапия сияқты өте көп салаларды қамтуы маған өте ұнады және бұл бағыттарда өзімді дамытуға мүмкіндік туғаны қуантады.
Спорт медицинасы саласы бойынша қай жерден білім алуға болады? Біздің елде мамандандырылған оқу орындары бар ма? Өз тәжірибеңізге сүйеніп айта кетсеңіз?
Мен Алматыдағы Санжар Жапарұлы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің емдеу ісі бөлімінде білім алдым. Алғашқы мамандығым психиатрия және наркология саласы бойынша еді. Наркологияда біраз уақыт жұмыс істегеннен кейін менің қызығушылығым спорт медицинасына ауды. Сондықтан да болар, мен бұл салаға ауыстым.
Спорт медицинасына алғашқы қажетті білімді Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында алуға болады. Сонымен қатар, ҚазҰУ-да медицина факультеті ашылды. Факультетте спорт медицинасы бойынша қайта оқыту жүргізіледі. Мен сол жерде алғашқы қажетті білім алдым.
Қазір сіз «Алматы» хоккей клубының дәрігерісіз. Хоккейшілермен жұмыс істеу қаншалықты қиын? Хоккейге тән қандай жарақаттар бар?
Осыған дейін футбол клубында жұмыс істедім. Сол тәжірибеге сүйенсек, футболшылар мен хоккейшілердің жарақат алуында айырмашылықтар бар. Футболда табан буыны мен тізе жарақаты жиі кездессе, хоккейде иық, қол буындарының ақаулары көрініс табады. Тізе мен табан буындары көп жарақаттана бермейді. Себебі, конькиде табан нық тұрады. Сонымен қатар, футболдағы әртүрлі төсемелердің болуына байланысты тізе көп зақымданады. Алаңның жасанды әрі табиғи болуына байланысты жарақат алу мүмкіндігі де өзгеріп отырады.
Сөзіңіз аузыңызда, жаңа ғана сіз спорттағы төсеніштердің жарақатқа көп ықпал ететінін айтып өттіңіз. Біз білетін футболдағы жасанды төсеніштің табиғиға қарағанда спортшылардың буындарына кері әсер ететіні белгілі. Хоккейдегі мұз қабатының түрлілігі қаншалықты денсаулыққа зиян болуы мүмкін?
Иә, футболдағы жасанды төсеніш спортшының жарақат алу мүмкіндігін арттырады. Тіпті құлаған кезде де жасанды төсеніш денеге қатты тиеді. Табиғи шөп кері серіппе секілді әсер етіп, құлау процессін жұмсартады. Хоккейде де “тығыз” әрі “бос мұз” деген түсінік бар. Тиісінше, мұз тығыз әрі қатты болған кезде коньки нық тұрады. Бос мұз кезінде спортшының аяғы тайып, қозғалыс кезінде әртүрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Нәтижесінде хоккейшінің аяқ бұлшық еті созылып, сіңіріне де зиян келеді. Ең ауыры, әрине, тізе сіңірінің жыртылуы.
Спортшылар жоспарлы медициналық тексерістен қай уақытта өтеді?
Спортшылар жоспарлы тексерістен ОЖЖ-дан бұрын өтеді. Яғни, оқу-жаттығу жиындарының алдында медициналық сараптама жүргізіледі. Хоккейде бұл жиын жаз айларында болады. Нақтырақ айтсақ, шілде айында, кейде тіпті тамыз айының басында. Сондықтан да олар медициналық тексеруден маусым айында өтеді. Сараптама барысында, электрокардиограмма, жүректі УДЗ арқылы тексеру, невропотолог, хирург секілді көптеген мамандандырылған тексерістен кейін спортшылардың денсаулық көрсеткіші мен дайындығы жайлы ақпарат беріледі.
Спорт жарақатсыз болмайды. Ойын барысында дене мүшелерін зақымдаған спортшылардың қайта қалпына келу процессі қалай жүреді?
Жарақат алғаннан кейін спортшының қайта қалпына келу процессі әртүрлі жүреді. Бұл кезең бірнеше бөліктен тұрады. Алғашқы екеуі - жарақат алған жерді суықта ұстау және дененің тыныштығы. Кез-келген жарақат кезінде ең алдымен оған мұз төселеді. Содан кейін спортшыға тыныштық береді. Кейіннен барып, жарақат алған дене мүшесін қозғалмайтындай етіп таңады. Ол не гипспен, немесе жұмсақ, созылмалы дәкемен байланады. Алғашқы бір-екі жетіден кейін спортшының күйіне қарап, оны физиотерапияға немесе қайта қалпына келу жұмыстарын жүргізуге жібереміз. Кейбіреуін мен өзім жүргізе беремін. Залдағы жаттығу, бұлшық етке, күре тамырға енгізілетін екпелер немесе таблетка күйіндегі дәрілерді беру секілді жұмыстарды клуб дәрігері өзі істейді. Жалпы алғанда, қайта қалпына келу кешенді жұмысы осындай ірілі-ұсақты процесстерден тұрады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, жарақат спорттың бір бөлігі. Кейде сол жарақаттар команданың нәтижесіне кері әсерін тигізіп жатады. Маңызды ойындарда спортшылардың ауырғанды басатын екпе жасап шығатын кездері жиі кездеседі. Сіз соған қалай қарайсыз? Бұл дұрыс па?
Кейде спортшылар ойынға шығу үшін ауырғанды басатын дәрі егуді сұрайды. Мен бұны аса құптай бермеймін. Өйткені бұл әдіс арқылы жарақатты асқындырып алуға болады. Менің ойымша, бір-екі ойын өткізіп, емделгеннен кейін мұзға шыққан дұрыс болады. Спортта бәрі тез-тез болғанын қалайды. Тезірек емделіп, тезірек мұзға шығып, тезірек ойнағысы келеді. Нәтижесінде, оның емделу кезеңі екі-үш есеге созылып, біраз уақыт ойынсыз қалады. Қай жағынан алып қарасаңыз да, бұл әдіс тек емделу уақытын кейінге қалдыра береді.
Жарақаттар сан түрлі болады. Ең ауырларының бірі, тізе сіңірінің жыртылып кетуі. Бұл жарақат қалай емделеді? Біздің елде осы тәріздес зақым алған спортшыларға ота жасап, қалпына келу процессін жүргізетін орталықтар бар ма?
Футболда жүргенімде, бірнеше рет тізе сіңірінің жыртылып кеткеніне куә болдым. Бұл жарақат та бірнеше түрге бөлінеді. Сіңірдің толық әрі жартылай жыртылуы секілді анықтамалары бар. Осыған байланысты сіңірді қалпына келтіру процессі анықталады. Ең ауыр түрін алайық. Сіңір толықтай жыртылып кеткен кезде алдымен ота жасалады. Не оны хирургиялық әдіспен қайта тігіп шығады немесе спортшының сіңірі алынып, жыртылып кеткен сіңірдің орнына салынады. Бұл жарақаттан айығу үшін шыдамды болу қажет. Жарты жылдан тоғыз айға дейін қалпына келу процессі жүреді. Бұрындары Қазақстанда тізе сіңірін қалпына келтіру отасы жасалмайтын еді. Соңғы уақытта еліміздегі медицина даму үстінде деп айтсам қателеспеймін. Қазіргі күні Алматыда, Астанада осы типтегі оталар жасалады. Кейбір спортшылар Ресейде жасатады.
Қайта қалпына келтіру орталықтары, оңалту жұмыстары жүргізілетін базаларды өз басым көрмедім. Алматыда спорт медицинасы мен қалпына келтіру орталығы бар. Бірақ ол жерде толыққанды қалпына келтіру жұмыстары істеледі деп айтпас едім. Орталықта физиотерапия, кейбір кешенді емдеу ісі жүргізілетін шығар, бірақ жеке емделушімен жұмыс жасағанын көрген жоқпын. Жеке меншік орталықтар да бар. Мен барлығына дерлік барып, танысып көрдім. Дегенмен, ол орталықтарда да түгел қажетті қызмет көрсетілмейді. Содан кейін де спортшылар шетелдерде, кемі Ресейде, кейбіреуі Германия, Израиль, Испанияға да барып емделіп жатады. Мен өзім осы оқылықтың орнын толтыру үшін Алматыда қалпына келтіру орталығын ашсам деген ойым бар. Бұл менің арманым десек те болады. Қазір сол саланы толыққанды зерттеп, керек-жарағын біліп, ойлану үстіндемін.
Спорт медицинасының қиындығы мен қызығы жайлы айтып өтсеңіз...
Спорт медицинасының қиындығы сол, дәрігер жан-жақты болуы тиіс. Себебі, тек спорт дәрігері болу аздық етеді. Әр спортшы әртүрлі жарақатпен келеді. Сондықтан да сен медицинаның барлық саласын қамтитын маман болуың тиіс. Әртүрлі денсаулық ақаулары кезінде оларды әртүрлі мамандарға жіберіп отырмайсың ғой. Әрине, егер жарақат тым ауыр болса, арнайы мамандандырылған орталықтарды қажет ететін болса, әріптестердің көмегіне жүгінеміз. Ал басқа кезде кем дегенде алғашқы көмек көрсетуге міндеттімін. Дегенмен, бұл қиындық бір жағынан қызығушылық тудырады. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл жерде шексіз дамуға мүмкіндік бар. Спорт медицинасы мамандардың өсуіне ықпал жасайды. Өмір бойы үйренуге жол ашады. Командалық спортта дәрігер болу дегеніміз, командамен бірге болып, оның бір мүшесіне айналу деген сөз. Дәрігер бұл жерде психолог та, дос та бола алуы тиіс. Керекті жерде көңілін көтеретін, қажет болғанда рухын көтеретін сөздер айту керек. Дәрі беріп, егу жұмыстарын жүргізу ғана емес, командамен рухани бірге бола алу да маңызды. Спортшылардың физикалық және психикалық деңгейі дәрігерге тікелей байналысты.
Ойындардан кейін спортшылардың қалпына келу процессі қалай жүреді? Тамақтану жайлы да айта кетсек, қандай мәзір бойынша тамақтанады?
Ойындардан кейін спортшыларға физиотерапиялық кешенді жұмыстардан өту, массаж секілді процесстер жүргізіледі. Жалпақ тілмен айтқанда, демалыс беріледі. Содан кейін барып, ақырындап физикалық дайындығын пысықтауға кіріседі. Спортшылардың тыныққаны өте маңызды. Бұған команданың көрсеткіштері тікелей байланысты. Олардың дұрыс тамақтануы да дәрігерлердің міндеті. Қажетті протеин, аминқышқылдары, көмірсулар мен витаминдерден бөлек, күнделікті тағамдардың да маңызы бар. Ойындарда, жаттығуларда олар өте көп энергия жұмсайды. Ойын алдында бөлек мәзірмен тамақтанса, ойыннан кейін басқа мәзірдегі тағамдар беріледі. Бұның бәрі жеке талғамға байланысты қарастырылады.
Кейде спортшылар ойын алдында энергетикалық сусын ішеді. Бұл әлемдік спортта бар нәрсе. Дегенмен, бұл қаншалықты пайдалы, қаншалықты зиян?
Иә, кейде спортшылар ойын алдында энергетикалық сусындар ішеді. Мен бұны қолдай бермеймін. Біріншіден, энергетиктің ағзаға қалай әсер ететінін болжау қиын. Кейбіреуге ол аса бір әсерін тигізбесе, кейбіреулерге ол кері әсер етуі әбден мүмкін. Қан қысымына да белгілі бір дәрежеде ықпал етіп кетуі де кездесіп жатады. Сондықтан бәрі ішеді екен деп іше салуға болмайды. Саған керек пе, жоқ па деген сұраққа жауап беруің керек. Ол алғашқы уақытта ағзаға жұмыс істеп, кейін әсерін жоғалтқан кезде спортшылардың құлап жатқанын да естігенбіз. Сол себепті де әр спортшы өз денсаулығына бей жай қарамай, абай болғаны абзал.
Сұқтабыңызға рақмет!
Сұқбатты «Алматы» хоккей клубының баспасөз қызметі әзірледі