Жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегерлері қанша сыйақы алады?
Бүгін Аргентина астанасы Буэнос-Айресте 3-ші жасөспірімдер Олимпиадасы тәмамдалды. Ел қоржынына барлығы 10 медаль түсті, оның төртеуі алтын, үшеуі күміс және үшеуі қола медаль.
Екі күннен соң қазақстандық спортшылар елге оралады. Осы орайда, жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегерлеріне қандай құрмет көрсетіледі және сыйақы беріледі ме деген заңды сұрақ туындайды.
Негізінен, төрт жылда бір болатын жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегерлеріне арнайы белгіленген сыйақы жоқ. Алысқа бармайық, төрт жыл бұрын Нанкинде өткен Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне әртүрлі құрмет көрсетілді. Мемлекет тарапынан арнайы сыйақы алмаса да, жергілікті әкімшілік және федерациялар тарапынан сыйлар, оның ішінде ақшалай берілді. Мәселен алтын алған боксшы Абылайхан Жүсіповке бокс федерациясы 50 мың АҚШ долларын берді, ал кейіннен Қарағанды облысының әкімі көлік кілтін табыстады.
Бұл жолы қалай болары әзірге белгісіз...