Азия Пара ойындары несімен есте қалды?
Күні кеше Индонезияның астанасында өткен үшіні Азия Пара ойындары мәресіне жетті.
Бұл дүбірлі додаға біздің споршылар төрт жыл дайындалған. 2016 жылы Рио-до Жанейро қаласында өткен Паралимпиадалық ойындарға қатысты. Артынша әлем чемпионаты мен Кубогы жарыстарында бақ сынады. Ал ІІІ Азия Пара ойындарына Алматы қаласында дайындықтарын пысықтады.
Пара жүзуден Азия ойындарының бірнеше дүркін чемпионы Әнуар Ахметов ІІІ Азия Пара ойындарының ашылу салтанатында көк туымызды көтеріп шықты. Жалпы алғанда Азияның үздіктерінің басын қосқан айтулы шараға елімізден 90 спортшы 9 спорт түрінен бақ сынады. Атап айтсақ: үстел теннисі, пара дзюдо, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, садақтан ату, пара жеңіл атлетика, шахмат, оқ ату және пара волейбол.
Индонезиядағы Азия Пара ойындары еліміз үшін сәтті өтті деуге келеді. Өйткені біздің спортшылар жүлде санынан өзінің рекордын жаңартты. Қазақстан Паралимпиада құрамасы жалпы саны 33 жүлде жеңіп алған. Оның бесеуі алтын болса, 15-і күміс жен 13-і қола жүлде. Спортшыларымыз бақ сынаған 9 спорт түрінің алтауында жүлдегерлер үштігіне ілінген. Сондай-ақ, Азия ойындарының тарихында алғаш рет волейболшылар, пауэрлифт спортшылар, дзюдошылар және шахматшылар медаль алды. Бұл дегеніміз спорттың осы түрлерінің Қазақстанда жақсы дамып жатқанын білдіреді.

Чемпиондар
Алғашқы алтынды ел қоржынына Сиязбек Далиев салды. Ол Далиев ІІІ Азия Пара ойындарында 50 метр қашықтыққа баттерфляй әдісімен жүзуде чемпион атанды. Отандасымыз белгіліенген қашықтықты 37,40 секундта жүзіп өтіп, Азия Пара ойындарының рекордын жаңартты.
Зульфия Габидуллина 100 метрге еркін мәнермен жүзуден қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынды. Сондай-ақ, Дмитрий Ли көптен күткен алтын жүлдесін жеңіп алды. Ол 400 метрге еркін әдіспен жүзуде құрлықта үздік екенін дәлелдеді.
Ал Ержан Сәлімгерев ІІІ Азия Пара ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Ержан 50 және 100 метрге еркін мәнермен жүзуден алдын жан салмады.

Жалпы есеп
Қазақстан Паралимпиада құрамасы 5 алтын, 15 күміс және 13 қоламен жалпы есепте 13-ші сатыға жайғасты. Көш басын 319 жүлде (172-88-59) алған Қытай спортшылары бастады. Екінші орында – Оңтүстік Корея құрамасы. Кәріс спортшыларының қоржынында 145 жүлде (53-45-47). Ал үздік үштікті 136 медальмен (51-42-43) Иранның спортшылары түйіндеді.
Алдымызда 2020 жылғы Токио Паралимпиадалық ойындары күтіп тұр.