Спорттық гимнастикадан команда бапкері Аян Молдағалиевтің нәтижесіне баға берді

Спорттық гимнастикадан команда бапкері Аян Молдағалиевтің нәтижесіне баға берді

Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасында спорттық гимнастикадан іріктеу  бәсекесі аяқталды. Қазақстандық  Аян Молдағалиев екі жаттығу бойынша финалда өнер көрсетеді. 

Аян қоссырық жаттығуы бойынша іріктеуден алтыншы орын алды. Ұпай көрсеткіші – 13.366. Ал ат снарядындағы жаттығуда Молдағалиев үздік сегіздікке енді. 

Өкінішке қарай, біздің гимнаст көпсайыстан финалға өте алған жоқ. Спорттық гимнастикадан Қазақстан жасөспірімдер командасының бас бапкері Сергей Сергеев Аян Молдағалиевтің іріктеудегі көрсеткішіне өз бағасын беріп, алғашқы айналымды қорытындылады. 

«Іріктеу аяқталды, көпсайыс қорытындысы бойынша Аян 30-шы орында қалып қойды. Біз екі жаттығу бойынша финалға өтеміз деген жоспармен келдік. Оның бірі – көпсайыс, екіншісі – қоссырық немесе ат снарядындағы жаттығу болатын. Молдағалиев көпсайыста финалдан сырт қалғанымен, өзінің оң жамбасына келетін екі жаттығу бойынша ақтық сынға жолдама алды. Бұл Қазақстан үшін жақсы нәтиже. Өйткені, осыдан төрт жыл бұрынғы жасөспірімдер Олимпиадасында Ербол Жантықов көпсайыстан ғана финалға өткен еді», - дейді бапкер. 

Команда жаттықтырушысы Аянның көпсайыста төмен нәтиже көрсетуін Аргентинадағы климаттық жағдаймен байланыстырды. 

«Буэнос-Айреске 4 қазан күні кешкісін ұшып келдік. Ал екі күннен соң жарыс басталды. Кешкі бағдарламада ат снарядындағы жаттығуды Аян жақсы орындады. Ал еркін бағдарлама түнге қарай өтті. Әлі климатқа бейімделіп үлгермеген біздің спортшымыз шаршап қалды да, еркін жаттығудан аз ұпай жинады. Көпсайыстан финалға жібермеген де осы қателік. Дегенмен, екі жекелеген жаттығудағы финалда жақсы нәтижеден үміттіміз», - дейді Сергей Сергеев.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или