Маңғыстауда 5 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр
Маңғыстау өңірінде мұз сарайы, бокс орталығы, Бейнеу, Маңғыстау және Сенек ауылдарында спорт кешендері салынып жатыр
Сонымен қатар, Ақтау қаласында 3 мектептің жанынан спорт алаңдары ашылды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Елбасының жетінші тапсырмасын атап өтіп, активте тапсырмалар жүктеді.
«Президенттің тапсырмасы бойынша өңірлік деңгейде резервтер тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет»,-деді ол.
Бүгінгі күні өңірде халықты бұқаралық спорт және дене шынықтырумен қамту көлемі 29,6% құрайды, бұл - 3 жыл бұрынғы көрсеткіштен 8 есе артық.
Соңғы бір жылдың өзінде жеке инвесторлар есебінен 20-дан астам спорт алаңы мен 11 ірі спорт нысаны іске қосылды.
Аймақ басшысының айтуынша, ағымдағы жылы футболды дамыту және қолдау мақсатында жеке инвестиция есебінен жаңа футбол алаңы салынып, Мұнайшы стадионы қайта жаңартылған.
Биыл аймақта 300-ге жуық спорттық шара, оның 30-ға жуығы xалықаралық және республикалық деңгейде өткен. Оған 28 мыңнан астам адам жұмылдырылды.
«Бұл көрсеткішпен тоқтап қалуға болмайды. Қазір Мәдениет және спорт министрлігі өңірлерде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жөніндегі арнайы Жол картасын әзірлеп жатыр. Дене шынықтыру және спорт басқармасына облыс бойынша қажеттілікті шұғыл арада анықтап, тиісті өтінімдерді салалық Министрлікке ұсынуды тапсырамын»,-деді Ералы Лұқпанұлы.
Сонымен қатар, қолданыстағы спорт нысандарын, әсіресе мектептер жанындағы спорт залдарын барынша тиімді пайдалану қажеттігі атап өтілді.