Жасөспірімдер Олимпиадасы-2018: Бірінші жарыс күнінің қорытындысы
7 қазаннан сегізіне қараған түні Буэнос-Айресте жасөспірімдер Олимпиадасының алғашқы жарыс күні өтті. Қазақстандықтар бадминтон мен спорттық акробатикада сәтті өнер көрсетті.
Назарларыңызға бірінші жарыс күнінің қысқаша қорытындысын ұсынамыз.
Диана Назарова 100 метрше шалқалай жүзуде іріктеу сынынан аса алмады. Ол өз тобында алтыншы, жалпы есепте 19-шы орында қалды.
Теннисші Достанбек Ташболатов да алғашқы айналымда жеңіліске ұшырады. Ол жасөспірімдер рейтингінде көш бастап тұрған тайпейлік Хсин Чун Ченгпен кездесі, екі сет қорытындысы бойынша ұтылды. Енді ол жұптық сында ел намысын қорғайды.
44 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған таеквондошы Әсел Усманова 1/8 финалда болашақ Олимпиада чемпионы Полина Щербаковаға есе жіберді. Есеп – 1:15.
Бадминтоншы Дмитрий Панарин өз тобындағы алғашқы кездесуді жеңіспен бастады. Бірінші кезеңде жерлесіміз молдовалық Кристиан Савиннен 2:1 есебімен басым түсті. Бүгін ол Фиджи аралдарының өкілімен кездеседі.
Дмитрий Немеренко мен Анастасия Архипова жұбы спорттық акробатикадан финалға жолдама алды. Іріктеу қорытындысы бойынша олар алтыншы орыннан көрінді.