Дмитрий Панарин бадминтоннан тұңғыш рет Олимпиада ойындарына қатысады

Дмитрий Панарин бадминтоннан тұңғыш рет Олимпиада ойындарына қатысады

Дмитрий Панарин қазақ спортының тарихында бадминтоннан тұңғыш рет Олимпиада ойындарына қатысқан атлет ретінде тіркеледі. Өйткені, бүгінге дейін бірде-бір қазақстандық спортшы бадминтоннан төртжылдық додасына қатыспаған. Бір жылда жиырмаға жуық турнирде жүлдегер атанған 17 жастағы Панарин Буэнос-Айрестегі Жасөспірімдер Олимпиадасына жолдама алды.<span> </span>Olympic.kz<span> </span>сайтына сұхбат берген Дмитрий мен оның жеке бапкері Асқар Орманбаев бұл жетістікке жету жолындағы қиындықтарға тоқталып, алдағы мақсаттарымен бөлісті. 

- Олимпиада ойындарына қызу дайындық үстіндеміз. Диманы ірі халықаралық сындарға қатыстырмай, жабу астында ұстадық. Тек қана бақылау матчтарын өткізіп жүрді. Бұл күндері бадминтоннан 23 жасқа дейінгі жастар арасында ел біріншілігі өтуде. Панарин осы бәсекеде бақ сынайды. Тамыз айында Беларусьте өткен ересектер арасындағы турнирге қатысты. Ал шілдеде әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда тұрған Малайзия құрамасымен бірге оқу-жаттығу жиындары өтті. Жалпы алғанда, дайындық жаман емес, - дейді Асқар Орманбаев. 

Панаринге Олимпиада жолдамасына иелік ету оңайға түскен жоқ. Өйткені, бадминтонда лицензиялық жарыстар бір жыл бойы өтеді. Осы уақыт аралығында Дмитрий жиырмаға жуық халықаралық сындарға қатысты. 

- Жолдама оңайлықпен қолға түспейді. Біз негізгі 7 турнирде жоғары нәтиже көрсетеміз деген мақсат қойған едік. Қуанышқа қарай, Панариннің жүлдесі мен ұпайы біз ойлағаннан да көп болды. Біздің спортта Азия құрлығының өкілдеріне тең келер ешкім жоқ. Олимпиада ойындарының тарихында бадминтоннан өзге құрлық өкілдері екі рет қана чемпион атанған. Қалған кездері азиялықтар тізгінді ешкімге бермепті. Міне, осыны ескере отырып, біз тактикалық жоспар құрдық. Яғни, Дмитрийді тек қана Еуропа мен Африкада өтетін рейтингілік турнирлерге қатыстыруды жөн көрдік. Бұл жоспарымыз жүз пайыз орындалды. Панарин Олимпиадаға лицензия алу үшін жалпы есебі 20 турнирге қатысып, барлығынан да жүлдемен оралды - дейді ұлттық құраманың бас бапкері. 

Дмитрий Панарин Жасөспірімдер Олимпиадасына жолдама алу үшін Италия, Венгрия, Израиль, Австрия, Грекия, Хорватия, Түркия, Моңғолия және тағы басқа елдердегі жоғары деңгейлі турнирлерде бақ сынады. 

 - Олимпиадаға іріктеу турнирінен соң мен әлемдік рейтингте 10-шы орынға көтерілдім. Бұл мен үшін үлкен жетістіктердің бірі. Иә, көптеген халықаралық сындардан сырт қалған соң қазір рейтингте біраз құлдырадым. Десе де, қорқудың қажеті жоқ. Жеребе сәтті түссе, жеңіске жетуге үлкен мүмкіндік бар. Меніңше, Олимпиадаға қатысатын әрбір спортшының чемпион атануға күші жетеді. Тек, сәттілік серік болса екен... Бүгінде 23 жасқа дейінгі жастар арасында ел чемпионаты өтуде. Әрбір жарыс күнінен соң бапкеріммен түнге дейін залда жүремін. Жаттығу жасап, білмегенімді сұрап, шеберлігіміді арттыра түссем деген ойым бар, - дейді Дмитрий. 

Ұлттық құраманың бас бапкері Панариннің үздік сегіздікке кіретін мүмкіндігі зор екенін айтады. Ал аралас командалық сында Диманың жүлдегер атануы әбден мүмкін. Елімізде кенже қалған спорт түрінен жүлде салып, Қазақстан намысын қорғап жүрген Дмитрий Панаринге сәттілік тілейміз. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или