Академиялық есуден ұлттық құрама бапкері Азиаданы қорытындылады
Академиялық есуден Қазақстан командасы Азия ойындарында бір медаль жеңіп алды. Александра Опачанова жекелей сында үздік үштікке енген болатын. Осы орайда, команданың бас бапкері Анна Белоногова<span> </span>Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, спортшылардың нәтижесіне шолу жасады.
«Әрине, бапкер қашанда алдына үлкен мақсаттар қояды. Бірақ оның барлығы да орындала бермейтіні түсінікті жайт. 1994 жылдан бері Азия ойындарына жаттықтырушы ретінде қатысып жүрмін. Дәл қазіргідей төмен нәтиже болмаған еді. Спортшылардың жеңілісін көптеген факторлар арқылы түсіндіруге болады», - деді бас бапкер.
А. Белоногованың айтуынша, спортшылардың сәтсіздігіне күн райы ерекше әсер еткен.
«Екі шақырым өте ұзақ қашықтық. Сондықтан, Палембангтағы күннің ыстығы спортшыларға кері әсерін тигізді. Сәтсіздік. Көптеген спортшыларымыз қолаға жетер жолда сүрініп, 4-ші орыннан көрінді. Ал қола медаль иегері атанған Александра Опачанова бұл жүлдесін ұзақ күтті. Опачанова Азия ойындарына алғаш рет 2010 жылы қатысып, содан бері медальға қол созым жерде қалып жүрген. Міне, сол қуанышты күн Джакартада туды. Ол еңбекқор қыз», - дейді команда баспкері.
Академиялық есуден команда алдындағы басты міндет – Олимпиада ойындарына жолдама алу. Келесі жылы лизенциялық әлем чемпионаты, сондай-ақ, 2020 жылы Азия аймағындағы іріктеу кезеңдері өтеді.