«Астана» мергендері Азиаданы аяқтады

«Астана» мергендері Азиаданы аяқтады

Индонезия астанасы Жакартада өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарында нысана көздеу спортының бәсекесі аяқталды. «Астана» президенттік мергендер клубының спортшыларында бір қола бар.

 

Кеше нысана көздеуден соңғы екі медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы екі медальдан үмітті болған. Екеуі де «Астана» мергендер клубының спортшылары еді. Стенд атудың скит бағдарламасында ерлер арасынан Владислав Мухамедиевке сенім артқанбыз. Іріктеу кезеңінен іркілмей өтіп, финалға бірінші орынмен шыққан Мухамедиев, тіпті бас жүлдені де жеңіп алады деген үміт болған. Алайда, финалдық кезең сәтсіз өтіп, жерлесіміз Азия ойындарын 6-шы орынмен аяқтады.

 

Сондай-ақ, қыздар арасында екі аруымыз стенд атудың скит бағдарламасында сынға түскен. Әсем Орынбай, өкінішке қарай, финалдық сынға шыға алмады. Ал Ольга Панарина 4-ші орынмен финалға жеткен. Алайда, финалда 6-шы орынмен шектелді.

 

Жалпы, осы Азиадада «Астана» мергендер клубының 6 спортшысы финалдық сында өнер көрсетті. Мухамедиев пен Панаринадан бөлек, Юрий Юрков мылтықпен 50 метрге үш позициядан көздеу бағдарламасында 5-ші орынды иеленсе, Владимир Иссаченко тапаншамен көздеуден 10 метрлік қашықтықта 7-ші орынды меншіктеп, Зәуреш Байбосыновамен жұп құраған Иссаченко 10 метрлік командалық бағдарламада 5-ші орынға тұрақтады. Ал Мария Дмитриенко алдымен стенд атудың трап бағдарламасында жүлдеге бір қадам жетпей қалып, 4-ші орынмен шектелсе, ертесі күні дубль трап бағдарламасында қола жүлдеге қол жеткізді.

 

Сонымен қатар, Азия ойындарында «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының велошабандозы Алексей Луценко Қазақстан құрамасына екі алтын медаль салды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или