Әлия Юсупова: Біздің қыздар командалық есептегі алтын жүлдені қайтарып алды
Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Әлия Юсупова шәкірттерінің Азия ойындарындағы алтын медаліне қатысты өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі<span> </span>Olympic.kz порталына сілтеме жасап.
«Қыздар жарады! Ең соңына дейін шыдамдылық танытып, чемпион атанып отыр. Айтарға сөзім жоқ. Біз гимнастарға қандай да бір медаль алу туралы мақсат қоймадық. Әр спортшының мейілінше жақсы өнер көрсетуіне мән берген едік. Міне, олар бар күштерін жұмсап, тартысты бәсекеде топ жарып отыр. Команданың көрсеткішіне көңілім толады. Бұл Азия ойындарына қатысып отырған ең жас құрама. Небары 16-17 жастағы қыз балалар. Осы құрам бізге 2010 жылдан бері бұйырмаған Азиаданың командалық есептегі алтынын қайтарды. Біздің төккен теріміз, еңбегіміз зая кетпеді. Дәл қазіргі қуанышым шексіз. Баршаңызға алғысым зор. Жекелей сында да жүлдеге таласамыз», - дейді Әлия Юсупова.
Еске сала кетейік, көркем гимнастикадан Қазақстан командасы Азия ойындарының чемпионы атанды.
ФОТО: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі