26 тамыз. Қазақстан спортшылары үш медаль жеңіп алды

26 тамыз. Қазақстан спортшылары үш медаль жеңіп алды

26 тамыз күні Қазақстан құрамасының жүлде қоржыны үш медальмен толықты. Оның ішінде бір алтын да бар, деп жазады Олимпиада комитетінің ресми сайты

Спорттық құзға өрмелеу шеберлері Азия ойындарында үздік бестікке енді. Атап айтар болсақ, финалдық кезеңге өткен Ришат Хайбуллин мен Әсел Марленова тиісінше төртінші және бесінші орынға табан тіреді. Спорттың бұл түрі Азия ойындарының бағдарламасына биыл енген болатын.

Садақ атудан Қазақстан командасы блоктық жарыста (компаунд) ширек финалға дейін жетті. 

Сондай-ақ, стенд атушылар да финалда өнер көрсетті. «Скит» бағдарламасынан сынға түскен Ольга Панарина 4-ші, Александр Мухамедьянов 5-ші орын иеленді.

Боксшыларымыздың  қарқыны жаман емес. Бес боксшымыз Азия ойындарының ширек финалына жетті. Олар – Асланбек Шымбергенов, Азат Махметов, Саматәлі Толтаев, Назым Қызайбай және Сәния Сұлтанқызы.

Джиу-джитсу спортынан Азия ойындарындағы алтын медальді Руслан Исраилов жеңіп алды. Ол 77 келі салмақ дәрежесінде топ жарды!

Каратеші Дидар Әмірәлі Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Финалда ол кувейттік спортшыға жол берді. 

Жағажай волейболынан бақ сынаған Ирина Цимбалова мен Татьяна Машкова жұбы жартылай финалда жеңіліп қалды. Олар енді Индонезия құрамасымен қола медальға күреседі. 

Жеңіл атлеттер де жүлдесіз қалған жоқ. 400 метрге жүгіруде Элина Михина қола жүлдегер атанды. Михаил Литвин, Александра Виноградова және Ольга Сафронова финалда сүрінді. 

400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Дмитрий Коблов финалдық кезеңге жолдама алды. 

26 тамыздағы есеп бойынша, Қазақстан қоржынында 41 медаль бар.  Оның бесеуі алтын, сегізі күміс. Қола жүлделер саны – 28. Медальдық есепте біздің құрама 11-ші орында келеді. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или