Азиада-2018. Дмитрий Баландин: Өз нәтижеме көңілім толады
100 метрге брасс әдісімен жүзуде Азия ойындарының қола жүлдегері атанған Дмитрий Баландин өзіне қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғыс айтты деп хабарлайды Olympic.kz.
- Ең бірінші кезекте бізді қолдаған барша жанкүйерге рахмет айтамын. Сіздердің қолдауларыңыз бізге демеу болды. Ал жарысқа келер болсам, мойындау керек, қарсыластар мықты болды. Дәл қазіргі сәтте олар менен сәл алда тұр. Әйтсе де, бүгінгі нәтижге көңілім толады.
Жалпы алғанда, Қазақстан командасының бүгінгі көрсеткіші жаман емес. Әділбек те финалға шығып, жүлдеге қол созым жерден тоқтады. Енді 50 метрге брасс әдісімен жүзуден жарыс өтеді. Сол сында барымызды саламыз, - дейді Баландин.
Еске сала кетейік, Баландин жарақатына байланысты 200 метрге брасс әдісімен жүзу жарысына қатыспайды. Спортшы дәл осы қашықтықта Рио Олимпиадасының алтынын алған еді.