"Дениссіз өткен бір ай". Достары қазаның жазылмас жара болып қалғанын айтты
19 тамыз күні мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қайтыс болған уақытынан бір ай өтті. Марқұмның жақын достары мен жанкүйерлері бұл қайғылы жағдайды әлі күнге дейін қабылдай алмай келе жатқанын жарыса жазып жатыр. Сондай-ақ, олар әрі қарай да бұл істе әділдік іздей түсуге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Денис Тен балаларын өз баласындай көрген құрбысы Айгеля жанының жарасы іштен жегідей жеп бара жатқаны туралы жазды. Естеріңізге сала кетсек, марқұм спортшы әлеуметтік желіде балалармен бірге түсірген видеосын жиі бөлісетін. Оларға "Қазы" деп аталатын жылқы туралы ертегі айтқанды ұнататынымен әзілдейтін.
Осыдан бір ай бұрын мен әлі күнге дейін қабылдай алмай жүрген қайғылы оқиға болды. Сырт көзге жан жарамды көрсетпеуге тырыссам да, оның өмірімнің соңына дейін іштей жегідей жейтіні анық. Осы жазылмас жара менің санам мен тәнімді басқа әлемге жетелейді. Бір сәтте Денис бізге белгілі бір тапсырмалар беріп, өзі уақытша кетіп қалғандай көрінді. Ал қазір біз өзімізді жинақтап, солардың барлығын Денис секілді мінсіз етіп орындап шығуымыз қажет. Меніңше, Денис дәл қазір барлығын көріп, сезіп тұр. Мейірімді жандар, жылы сөздеріңіз, шынайы пікірлеріңіз және жекеме жазған хаттарыңыз үшін көп рахмет", — дейді марқұм спортшының жан достарының бірі Айгеля.
Танымал продюсер Алуа Қонарова өз кезегінде Денис Теннің өз өмірінің құнымен адамзатқа ой салып кеткенін жеткізді.
"Сен, расымен де, артыңда көп ой мен эмоция қалдырдың. Санамызды 360 градусқа бұрдың десек те болады. Ең өкініштісі, мұны өз өміріңнің құнымен жасадың. Жаны жайсың жаным, сенің кіршіксіз таза жаның жай тапсын", — деп жазды алуа Қонарова.
Бұл қайғылы оқиғаны әлі де қабылдай алмай, қылмыскерлерді іздеп табу үшін барын салып жүргендердің қатарында танымал актер Санжар Мәдиев те бар. Ол куәлік етуден қашып жүргендерге ренішін білдіріп, оларға бақыт тіледі.