Шорт-тректен Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр
Шорт-тректен Қазақстан құрамасының мүшесі, екі бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы Нұрберген Жұмағазиев бүгінде команда сапында оқу-жаттығу жиындарын жатыр.
Танымал спортшы өзінің спорттағы қадамы қалай басталғанын айтып, үлкен жеңістерге жетелеген маңызды сәттеріне тоқталды.
«Менің шорт-трекке келуіме бапкеріміз Мәдіғали Қарсыбек тікелей әсер етті. Ол мектептерді аралап, коньки тебетін оқушыларды іздеп жүр екен. Жаттықтырушының коньки туралы айтқаны мені де қатты қызықтырып, мұз айдынға келдім. Міне, содан бері 14-15 жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында екі бірдей Олимпиада ойындарына қатысып, Азия ойындары мен Әлем кубогі додаларында жүлдегер, жеңімпаздар қатарынан көріндім», - дейді Нұрберген.
Спортшы коньки тебуге бала кезінен құмар болғанын да жасырмады.
«Ауылда жүргенде коньки тебуден жалықпайтын. Тіпті, күннің боран болғанына қарамастан, мұз айдынынан шықпайтын едім. Оралға келген соң да мұз айдын ашылғанын күттім. Ал бапкеріміз өз тобына шәкірт жинайтынын естігенде, ойланбастан шорт-трекке жазылдым», - дейді ол.
Шорт-трекші Жұмағазиев өз жүлделерінің ішіне өзіне ерекше жақынын да атап өтті.
«Маған Алматы мен Астанада өткен Азия ойындарында жеңіп алған жүлдем ыстық. Өйткені, ол кезде біз мүлде жас едік. Спорттағы қадамымызды енді бастап жатсақ та, командалас төрт жігіт үшінші орын иелендік. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Ал ең қатты толқыған кезім – Әлем кубогында алтын алған сәтім», - дейді Нұрберген Жұмағазиев.
Нұрберген Олимпиада ойындары туралы өз ойын да ашық айтты.
«Олимпиада кезінде қобалжымау мүмкін емес. Өйткені, бұл жарыстың рухы бөлек. Спортшының кейде бағы жанады, кейде ойыны жүрмейді. Бірақ соған қарамастан еңсені тік ұстап, әрі қарай жалғастыру керек. Мәселен, Пхенчхан Олимпиадасында мен үш рет құладым. Ал спорттық мансабымдағы 15 жылда мен бұлай құлаған емеспін. Жеңіліске қарамастан, қазір дайындығымды жалғастырып, келесі ойындарға жаттығудамын. Келесі Олимпиадада 31 жастар болады екем. Бұл шешімімді отбасым мен жұбайым бірауыздан қолдады», - дейді ол.