Садақ атудан Қазақстан құрамасы Әлем кубогының кезеңінде бақ сынайды
15-22 шілде аралығында Германия астанасы Берлинде садақ атудан Әлем кубогының кезеңі өтеді. Бұл мергендер үшін финалға жолдама беретін соңғы мүмкіндік. Берлиндегі сайыстан соң ең көп ұпай жинаған спортшылар қыркүйек айында Римде (Италия) өтетін финалдық кезеңде бақ сынайды. Бұл туралы Olympic.kz хабарлады.
Назарларыңызға әлемдік сынға қатысатын қазақстандық спортшылар тізімін ұсынамыз.
Классикалық садақ ату, ерлер: Денис Ганькин, Сұлтан Түзелбаев, Санжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин;
Классикалық садақ ату, қыздар: Луиза Сайдиева, Қарагөз Асқарова, Алина Ильясова, Талшын Құсайын.
Блоктық садақ ату, ерлер: Акбарәлі Қарабаев, Павел Фишер, Константин Солодовников, Артем Ганькин.
Блоктық садақ ату, қыздар: Адель Жексенбинова, Диана Макарчук, Виктория Лян.
«Қазақстандық садақ атушылар Шанхай мен Антальяда өткен әлем кубогі кезеңдерінде үздіктер қатарынан көріне алған жоқ. Есесіне, Берлиндегі дода Азия ойындарының алдындағы дайындықты пысықтауға көмектеспек. Спорттың бұл түрінен азиялықтар әлем үздігі саналады. Яғни, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония спортшылары әлемде қарсылас шыдатпайды. Оған қарқын алып келе жатқан Малайзия мен Тайбэйді қосыңыз. Сол себепті, Азия ойындарында бізді мықты қарсыластар күтіп тұр», - дейді садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының аға бапкері Нигматулла Сайдиев.
Садақ атудан Әлем кубогы кезеңі Берлинде өтетін еске саламыз.