UIPM президенті Клаус Шорман: Қазақстанда спорт рухы бар

UIPM президенті Клаус Шорман: Қазақстанда спорт рухы бар

Астанада қазіргі бессайыстан әлем Кубогының финалдық сыны аяқталды. Аталған бәсеке әлем үздіктерін біздің елде жинаған болатын. Қазақстан астанасына  әлемнің 25 елінен  дүниежүзілік рейтингте топ-36 қатарында тұрған ерлер мен әйел спортшылар ат басын тіреді.  Үш күнге созылған жарыста ерлер мен әйелдер, сондай-ақ, аралас сайыстағы жеңімпаздар анықталды.  Қазіргі бессайыс – спорттың бес түрінен жарысатын спорт түрі.  Спортшылар конкур, семсерлесу, жүгіру, ату және жүзуде бақ сынап, кім мықтыны анықтайды.

Қазақстан бүгінге дейін бірнеше ірі халықаралық турнирлерді өткізіп келді. Алайда, қазіргі бессайыстан әлем Кубогының финалы елімізде тұңғыш рет өтіп отыр. Olympic.kz сайты Халықаралық қазіргі бессайыс федерациясының президенті Клаус Шорманн мырзамен тілдескен болатын. Ол халықаралық федерация Қазақстандағы доданың ұйымдастырылуын қалай бағалағанын айтып берді.

Анықтама: 72 жастағы Клаус Шорман UIPM-ді 1993 жылдан бері басқарып келеді және қазіргі бессайыс спортын өркендетуге өмірінің 50 жылдан астам уақытын арнаған. Сондай-ақ 1994 жылдан бастап ХОК-тің мәдениет және білім бойынша белсенді мүшесі және жұмыс топтарын ұйымдастырушы. 2016 жылы оны Халықаралық қазіргі бессайыс федерациясының президенті қызметіне қайта сайлады.

- Шорманн мырза, бірінші кезекте сіздің Қазақстанға келіп, дүбірлі доданы өткізуді біздің елге сеніп тапсырғаныңызға алғыс айтқымыз келеді.

- Мен Қазақстанға сонау 1969 жылдан бері келіп тұрамын. Биыл менің 50 жылдық мерейтойым десек те болады, өйткені, кеңес заманынан бері Алматыда өткен жарыстарға ат ізін салып жүрмін. Бір келгенімде Қазақстан ҰОК-нің тұңғыш президенті болған Тимур Досымбетовпен таныстым. Ол кезде Тимур 17-18 жаста еді. Отбасымызбен жаөқсы араласып, жақын достарға айналдық. Өкінішке қарай, ол өмірден ерте кетті. Мен оның мансабын үнемі бақылап отыратынмын. Сіздер егемендік алған кездерде ол жанұшыра жүгірген. Ол біздің ұйымда да, сіздердің елдеріңізде де үлкен құрметке ие. Әлі күнге дейін қазіргі бессайыс Одағының құрметті азаматы. Ол біздің спортымыздың батыры, олимпиадалық қозғалыстың үлгілі өкілі еді. Біз бүгінгі таңда да сіздің елдегі ҰОК-пен тығыз байланыстамыз. Мен Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің даму бағытын, ҰОК президенттері мен ұйым бас хатшыларын назарда қстадым. Былтыр ҰОК-тың 25 жылдығын тойлауға да қатыстым. Тәуелсіз Қазақстан бессайысты дамытуда. Бұл бағытты ҰОК-тің жаңа президенті де (Т.А.Құлыбаев – ред.) қолдайды деп ойлаймын. Бұл бізге берілген мүмкіндік. Спорттық бессайыс бұл барон Пьер де Кубертеннен қалған мұра. Бізге сіздерден жарысты қабылдау туралы ұсыныс түскенде көп ойланбадық. Қазақстанның ірі жарыстарды өткізу тәжірибесі мол, оның ішінде, бессайыстан Азия чемпионаты да бар. Мен Қазақстан Билігі мен Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті Олимпиадалық қозғалыстың мықты серіктестері деп сеніммен айта аламын. Білуімше, сіздердегі ҰОК презиюденті Халықаралық Олимпиада комитетінің президентімен жақсы байланыста. Ірі бәсекелерді өткізу арқылы сіздер спортты дамытып әрі басқарып отырсыздар. Қазіргі бессайысқа деген көзқарастарыңызға ризамыз.

- Астанадағы әлем Кубогы финалына дайындық кезеңі көңіліңізден шықты ма?

- Мұндай ірі деңгейдегі жарысты алғаш рет өткізу федерацияларға оңай соқпайтыны анық. Иә, бұған дейін сіздерде Азия чемпионаты өтті. Бірақ әлем Кубогының бәсі бәрібір жоғары екенін білесіздер. Әлемнің әр құрлығынан жиналған, әлем Кубогының барлық кезеңдерінен өткен жоғары дәрежелі спортшыларды күту оңай емес. Олар ұйымдастыру жұмыстарының мінсіз болғанын қалайды. Сіздердің әдемі бассейндеріңіз бен ипподромдарыңызға қарап, «Иә, бұл әлемдік деңгейдегі финал» деп сеніммен айта аламыз. Одан бөлек, мұндай бәсекені өткізу сіздердің федерацияларыңызға сенімділік сыйлайтыны рас. Қазіргі бессайыс одағының ұйымға қоятын талабы жоғары. Қуанышқа қарай, сіздердің тараптарыңыздан барлығы жақсы орындалды. Әлем Кубогының финалдық сынын Астанада өткізу арқылы біз дұрыс шешім қабылдадық. Халықаралық федерацияның президенті ретінде, мұнда өзімді үйде жүргендей сезінетінімді айтқым келеді. Менің бұл спортта жүргенімен 55 жыл толды. Кезінде біздің қарсыласымыз болған спортшылар қазір спорттағы әріптесімізге айналды. Мәселен, федерация (Қазақстан қазіргі бессайыс федерациясы) президенті атанған соң Берік Имашев мырза мені қонаққа шақырып, біз жақсы достарға айналдық. Кейін ол Халықаралық қазіргі бессайыс одағының вице-президенті қызметіне қайта сайланды. Халықаралық федерация басшылығында өз адамыңның болуы  Қазақстандағы қазіргі бессайысқа ғана емес, тұтастай қазақ спортына көрсетілген үлкен көмек.

- Сіз жарыс басталғалы бері Астанадасыз. Қаланың көрікті жерлерін тамашалап үлгердіңіз бе?

- Мен жарысты бастан-аяқ тамашалаймын деп шештім. Барлық спорттық нысандарды аралап шықтым. Сіздердің  бар болғаны 20-25 жыл ішінде тындырған шаруаларыңыз орасан зор. Мұнда спорт рухы бар. Президенттеріңіз спортқа қолдау көрсетіп, жастарға сенім артады. Мектеп спорты, университет спорты мен ұлттық федерацияларды қолдау жақсы деңгейде. Біз ҰОК және медиа, сондай-ақ, спорт басшылығы тарапынан үлкен қолдау барын көріп отырмыз.

- Енді халықаралық бессайыс одағының басты жоспарларына тоқталсаңыз…

- Біз жастарға сенім артқымыз келеді. Берік Имашевпен бірге Азиядағы дамушы елдер арасында қандай шаралар іске асыруға болатынын талқыладық. Бұл жарыс қана емес, оқу-жаттығу жиындары болуы мүмкін. Біз өз спортымызды Шри-Ланка, Филиппин, Вьетнам, Камбоджа, Малайзия, Моңғолия, Сингапур, Таиланд елдерінде дамытқымыз келеді. Жапондар, қытайлықтар мен кореялықтар әлдеқайда алға озып кетсе де, сары құрлықтың өзге елдері әлі күнге дейін даму мүмкіндіктерін күтіп отыр. Қазіргі кезде біз осы бағыт бойынша концепция дайындап жатырмыз.

Әлем Кубогының финалын өткізу – елдегі осы спорт түрін одан әрі дамытуға жасалған үлкен қадам екенін тағы да айтқым келеді. Мысалы, біздің Одақтың (Халықаралық қазіргі бессайыс Одағы) бір мүшесі Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Мұнда келместен бұрын ол Қазақстан жайлы ақпарды интернеттен іздеген. Ал осында келген соң ол: «Клаус, мүмкін емес! Біз дұрыс шешім қабылдадық» деді. Қазақстандағы қазіргі бессайыс федерациясының президенті өз командасымен шын мәнінде мақтана алады.  Енді біз сіздің елде қазіргі бессайысты одан әрі дамыту үшін не істеу керектігін талқылаймыз. Әлем чемпионаты, жастар арасындағы әлем чемпионаты сынды ірі турнирлер бар. Сіздің елдегі жас спортшылардың қарқыны жаман емес. Меніңше, жастар арасындағы арнайы бағдарламаларға баса назар аудару керек.

- Осындай ірі турнирлер жаңа мүмкіндіктер сыйлайды емес пе?

- Иә қазіргі бессайыс – бұл білімге арналған спорт. Қазіргі бессайыстың өз ұраны бар. «Дене және ақыл тәрбиесінің негізінде қазіргі бессайыс арқылы білім беру». Спорттың бұл түрінде семсерлесуге, атпен түсінісуге икемің болу керек. Сол себепті, біз бессайыс барлық денені жаттықтырады деп жиі айтамыз.

- Шорман мырза, спортшыларға жеңіске жету үшін қандай кеңес берер едіңіз?

- Спортшылар екі бағытта даму керек: спортпен шұғылданып, өзін тәрбиелеу. Әр спортшының өзіне деген сенімі жоғары болса, жеңіске біртабан жақындай түспек. Тек қана спорттың адамы болу аз. Білім алып, өмірдің басқа қырларына да бейімделу керек.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или