Элизабет Тұрсынбаева жаңа маусымды жаңа бапкермен бастайды
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева жаңа маусымды жаңа бапкермен бастамақ. Жерлесіміз мәнерлеп сырғанау әлеміндегі ең мықты бапкерлердің бірі, ресейлік Этери Тутберидзенің қол астына өтті деп хабарлайды olympic.kz. Бұл мәліметті спортшының әкесі де растады.
"Элизабет бұл күндері Новогорскідегі оқу-жаттығу жиындарында жүр. Жаңа олимпиадалық циклді біз Этери Тутберидзенің командасында бастадық. Келісімшартымыз 2020 жылғы Бейжің Олимпиадасына дейін жарамды. Ал биылғы маусымның ең басты бәсекелері - Гран при додасы, әлем чемпионаты, төрт құрлық турнирі, Универсиада және тағы да басқа халықаралық турнирлерге Тутберидзенің командасы дайындайтын болады. Қазір біз үшін басты керегі - нәтиже. Элизабетке Тутберидзе таңсық емес. 2012-2013 жылғы маусымда сол бапкер жаттықтырған. Енді Брайан Орсердің бапкерлігімен өткен олимпиадалық циклден соң Элизабет бұрынғы жаттықтырушысына қайта оралды", - дейді Элизабеттің әкесі Байтақ Тұрсынбаев.
Сондай-ақ, Б. Тұрсынбаев соңғы бес жылда Элизабетті жаттықтырған Брайан Орсерге алғысын айтты.
Еске сала кетейік, Этери Тутберидзенің шәкірті Алина Загитова Пхенчхан Олимпиадасының чемпионы атанды.