Диас Бахриддин: Олимпиадада жүлде алатыныма сенімім мол
Қазан айында Аргентина астанасы Буэнос-Айресте үшінші рет Жасөспрімдер Олимпиадасы жалауын көтереді. Бүгінде әлемнің әр бұрышында олимпиадалық спорт түрлерінен лицензиялық турнирлер өтуде. Болашақ спорт жұлдыздары шыңдалатын бұл додаға Қазақстан спортшылары да тыңғылықты дайындалып жатыр. Солардың бірі – Диас Бахриддин. Жақында Барселонада өткен іріктеу турнирінде Диас каноэде ескек есу мен слаломнан Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Olympic.kz сайты жас спортшымен тілдескен болатын.
«Шыны керек, Олимпиадаға жолдама жеңіп алғанда қатты қуандым. Өйткені, бала күнімнен спортта жетістікке жетсем деп армандайтынмын. Барселонада өткен іріктеу турнирінде мен жалпы есебі жеті ұпай жинап, Олимпиада лицензиясын жеңіп алдым. Бұйырса, Олимпиада ойындарында екі дистанцияда жарысатын боламын. Бірі – каноэ, бірі – слалом. Екеуінде де жүлдеге қол жеткіземін деген үмітім бар», - дейді Диас.
Диас Бахриддин Қызылорда облысының тумасы. Ол каноэде ескек есу спортымен бес жылдан бері шұғылданады. Ал слаломды меңгергеніне бір жылға жуықтаған.
«Жасөспірімдер Олимпиадасындағы қарсыластарым осал болмайтыны сөзсіз. Спорттың бұл түрі Еуропада қатты дамыған. Жарыс қожайыны саналатын аргентиналықтар да қарқынды команда. Қарсыластарым қандай болса да, мен жеңіс үшін барымды саламын», - дейді ол.
Өткен аптада Диас Бахриддин Словакияда өткен халықаралық турнирде бір алтын, бір қола медаль жеңіп алды.
«Словакиядағы жарыста үш бірдей қазақстандық спортшы тұғырда тұрдық. Командаластарыммен бірге жеңісті бөліскендегі сезімді сөзбен жеткізе алмаймын. Мұндай турнирлер біздің қабілетіміз бен тәжірибемізді арттыра түседі», - дейді жас спортшы.
Енді Олимпиадаға жолдама алған жас спортшыларды Қырғызстандағы оқу-жаттығу жиыны күтіп тұр.