Қазақстан құрамасы жазғы Азия ойындарында қандай жетістікке жетті?

Қазақстан құрамасы жазғы Азия ойындарында қандай жетістікке жетті?

18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның Джакарта қаласында кезекті Жазғы Азия ойындары өтеді. Бүгінде сары құрлық спортшылары Азияның басты ойындарына қызу дайындық үстінде. Кішігірім Олимпиадаға баланатын бәсекеде Қазақстан құрамасының спортшылары сәтті өнер көрсетіп келеді. Бүгінге дейін отандық спортшылар Азиададан жалпы есебі 140 алтын медаль жеңіп алған. Құрлық додасының қарсаңында Olympic.kz Қазақстан құрамасы қатысқан Азия ойындарына шолу жасап көрді. 

1994 жыл, Хиросима 

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде Азия ойындарына алғаш рет 1994 жылы қатысты. Бұл додада еліміздің спортшылары 27 алтын, 25 күміс және 27 қола медальға қол жеткізіп, жалпы командалық есепте төртінші орынға табан тіреді. Бұл – егемендік алғанына небәрі үш жыл толған Қазақстан үшін үлкен жетістік еді. Хиросимада байдарка мен каноэда ескек есушілер, стенд атушылар, ауыр атлеттер мен велоспортшылар және «спорт падишасының» өкілдері қос-қостан алтын алды. Бір айта кетерлігі, сол ойында чемпион атанғандар қатарында болашақ Олимпиада чемпиондары Ольга Шишигина мен Александр Парыгин, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров және грек-рим күресінен әлемдегі даңқты спортшылардың бірі Дәулет Тұрлыхановтар чемпион атанған еді. 

1998 жыл, Бангкок 

Бангкоктағы Азия ойындары Қазақстан құрамасы үшін бейресми командалық есепте 5-ші орынмен аяқталды. Әйтсе де, біздің құрама сапында байдарка мен каноэда ескек есушілер 8 алтын медаль иеленіп, барлық қарсыласын шаң қаптырды. Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, аса ауыр салмақтағы қазақ боксының жұлдызы Мұхтархан Ділдәбеков, су добынан ерлер құрамасы алғашқы алтындарын иеленсе, желаяқ Шишигина бұл сында Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Сондай-ақ, қазақстандықтар спорттық гимнастика, таэквондо, ушу сынды спорт түрлерінен ел қоржынына жүлде салды. 

2002 жыл, Пусан 

Оңтүстік Кореяда өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 20 алтын, 26 күміс және 30 қола медаль жеңіп алды. Бейресми командалық есепте біздің спортшылар Қытай, Оңтүстік Корея және Жапонияны алға жіберіп, төртінші орынға тұрақтады. Ел қоржынына жүлде салғандар қатарында боксшылар, балуандар, дзюдошылар, жеңіл атлеттер және тағы басқалары бар. 

 2006, Доха 

Катарда өткен Азия ойындары Қазақстан үшін кезекті рет төртінші орынмен аяқталды. Біздің спортшыларымыз 23 алтын, 19 күміс және рекордты 43 қола медаль тағынды. Бұл сында қазақ көркем гимнастикасының жұлдызы Алия Юсупованың жұлдызы жанды. Әлия жекелей сында да, командалық бәсекеде де алтын жүлдегер атанды. Сонымен қатар, қазақ ауыр атлетикасындағы айрықша есім – Илья Ильин де осы Азиаданың чемпионы атанған. Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың қоржынында Азиада алтыны бар. Дохада Қазақстан құрамасына мергендер, ескек есушілер, балуандар, жеңіл атлеттер және велоспортшылар, сондай-ақ, суда жүзуші Владислав Поляков, шахматшы Мұртас Қажығалиевтер ең жоғары дәрежелі медаль сыйлады. 

2010, Гуанджоу 

Қытайдың Гуанджоу қаласында Қазақстан құрамасы Азия ойындары тарихында тұңғыш рет алтын медаль санын жиырмаға жеткізе алмады. Десе де, бұл дода барысында боксшылар мен балуандар, жеңіл атлеттер мен гимнасттар жерге қаратқан жоқ. Әсіресе, қазақ боксының жұлдызы Данияр Елеусінов осы Азия ойындарында өзінің алғашқы алтынын жеңіп алған еді. Илья Ильин, Серік Сәпиев, Майя Манеза мен Светлана Подобедовалар да тап осы додада алтыннан алқа тақты. 

Инчхон, 2014 

Оңтүстік Кореяда кезекті рет өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы алғашқы төрттікке қайта оралды. Сондай-ақ, бұл додада ұлттық құрама спортшылары рекордты көлемде, 28 алтын иеленді. Инчхонда Қазақстан спортшылары алғаш рет дзюдо мен үлкен теннистен алтын жүлде иеленді. Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин екі дүркін чемпион атанса, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов қазақ дзюдосы тарихындағы тұңғыш алтынды мойнына тақты. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан Азияның алпауыттары саналатын Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан кейінгі төртінші орынға табан тіреді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или