Қазақ қыздары халықаралық шахмат федерациясының ТОП-20 тізіміне енді
Қазақстанның ең мықты шахматшылары арасындағы сайыс өз шыңына жетуде. Сәуір айының соңында қазақ қыздары Жансая Әбдімәлік пен Динара Сәдуақасова FIDE халықаралық шахмат федерациясының ТОП-20 тізіміне кірді, деп хабарлайды stan.kz.
Шахматтан Қазақстанды әлемге танытып жүрген Жансая Әбдімәлік сәуір айында Македония мен Венгрияда өткен турнирлерде 33-ші орыннан 17-ші орынға көтерілді. Өткен айда 18 ойынға қатысқан Жансая 10 рет жеңіске жетіп, алты ойынды тең аяқтап, екі сайыста жеңіліс тапты.
Жастар арасындағы әлем чемпионы (U-20) Жансая Әбдімәлік жеке теңдік бойынша 40,8 балл жинады. Сондай-ақ, рейтингте 18-ші орынды иеленген тағы бір қазақстандық шахматшымыз Динара Сәдуақасова да дәл осындай көрсеткішпен алға шықты.
Айта кетейік, өткен жылы қыздар арасында өнер көрсеткен қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова БАӘ-де өткен жыл сайынғы Asian Chess Excellence Awards байқауының үздік ойыншысы атанған болатын.
Сонымен қатар, әйелдер рейтингінің көшбасшылары Қытай Халық Республикасының өкілдері Хоу Ифан және Цзюй Вэньцзюнь, сондай-ақ украиналық Анна Музычук болды.