Олег Вагизов: Азия ойындарына қызу дайындықты бастап кеттік
Жүзуден Қазақстан құрамасының бас бапкері Олег Вагизов ҚР ҰОК сайтына Испанияда өткен жарыс пен алдағы жоспары туралы айтып берді.
- Азия ойындарына дайындық барысында Испаниядағы турнирге қатыстық. Деңгейі жоғары жарыста бақ сынағымыз келген, сол себепті Испания ашық чемпионатын таңдадық. Әзірге нәтиже жаман емес, әлі де қосуымыз керек. Жекелей көрсеткіштерді жақсарту қажет. Бұл турнирдің алдында біз Түркия елінде тыңғылықты дайындалған болатынбыз. Сондықтан Испаниядағы нәтижеге көңілім толды. Маусымды жақсы бастадық десе болады.
Айта кетер жайт, Малагадағы турнирге қатысқан төрт спортшымыз да (Дмитрий Баландин, Әділбек Мусин, Әділ Қасқабай, Айбек Қамзенов) Азия ойындарының нормативтерін сәтті орындады. Бұл тізімге тағы қосылатын спортшыларды күтеміз. Қазақстан чемпионатынан кейін Азия ойындарына дайындықты жалғастырамыз. Үш ай дайындық барысында екі халықаралық жарысқа қатысамыз. Жалпы, жаттығу үдерісі жақсы өтіп жатыр.
- Дмитрий Баландиннің дайындығы қалай? Малагада үш алтын алыпты.
- Былтырғы маусым Дмитрий үшін ауыр болды. Жаттығу жұмыстары ауыр өтті. Есесіне биылғы маусым ол үшін сәтті басталды. Дмитрийдің дайындығы керемет. Биыл жақсы нәтиже көрсетуді көздеп отыр. Жеке бапкерімен бірге жаттығулардың бәрін жоғары деңгейде орындауда. Біздің мақсат оған қолдау көрсетіп, көмектесу. Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамын.
- Жарақаттанған спортшылар жоқ па?
- Жоқ, бәрі жақсы. Белекте тыңғылықты оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Қуанышымызға орай, ешкім жарақаттанған жоқ. Бәрі бабында. Бұл тұрғыда бізге қолдау көрсетіп жүргені үшін Ұлттық Олимпиада комитетіне алғыс айтқым келеді. Бұл үмітті ақтау үшін бар күшімізді саламыз.
Естеріңізге сала кетсек, Испаниядағы халықаралық жарыста қазақстандық спортшылар сегіз медаль иеленген болатын. Дмитрий Баландин үш алтын алса, Әділбек Мусин екі рет күміс жүлдегер атанды. Әділ Қасқабай бір күміс және бір қола медаль иеленсе, Айбек Қамзеновтың еншісінде бір қола медаль.
Алда отандық жүзушілерді сәуірдің 25-і Ақтөбеде басталатын Қазақстан чемпионаты күтіп тұр.