Алматыда бильярдтан Әлем чемпионаты басталды
Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бильярдтан «динамикалық пирамида» бойынша әлем чемпионатының жалауы желбіреді.
Әлем біріншілігіне 19 мемлекеттен келген 100-ге жуық спортшылар өзара мықтыны анықтайды. Жарыстың жүлде қоры 12 млн теңгені құрайды.
Бүгін чемпионаттың ашылу рәсіміне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев, сонымен қатар ҚР мәдениет және спорт министрлігі, халықаралық және қазақстандық бильярд федерациясының өкілдері қатысты.
-Құрметті достар, сіздерді осы үлкен қуанышпен шын жүректен құттықтаймыз. Қала басшылығы атынан осы сайысқа келген спортшыларға сәттілік тілейміз. Осы бильярд спортының қасында жүрген азаматтарға, алдыңғы буын аға өкілдеріне, алыстан ат терлетіп келіп отырған Ресей Федерациясы думасының депутаты, халықаралық бильярд спорты конфедерациясының төрағасы Павел Завальныйға, сонымен қатар, осы шараны ұйымдастырып жүрген Ансар Каранеев ағамызға алғыс айтамын, - деді Арман Қырықбаев.
Өз кезегінде Арман Қырықбаев осы чемпионатты бастау үшін бірінші соққыны жасады. Артынша әлем чемпионаттың ашылу салтанаты концерттік бағдарламамен жалғасты.
- Осы чемпионатқа біз өте ұзақ дайындалдық. Біздің құрама 100 пайызға дайынбыз десек те болады. Бұл жерге әр елден үздік спортшылар келді. Енді біз жақсы нәтиже көрсетіп, кубокты өз елімзіде сақтап қалғымыз келеді, - деді Әлихан Қаранеев.
Дүбірлі додаға 64 ерлер және 32 әйелдер командалары қатысады. Олардың ішінде әлем чемпиондарымен қатар жас спортшылар да бар. Олар Ярослав Тарновецкий (Украина), Сергей Крыжановский (Молдова), Артур Пивченко (Украина), Никита Ливада (Ресей), Қаныбек Сағымбаев <span> (</span>Қырғызстан), Владислав Осьминин (Ресей), Леонид Швыряев (Ресей) және де қазақстандықтар әлемнің үш дүркін чемпионы, Еуропа және Азия біріншіліктерінің жеңімпазы Әлихан Каранеев, әлем чемпиондары Ернар Шымбаев пен Әлібек Омаров сондай-ақ, республикалық чемпионаттың жеңімпазы Арби Муциев.
Бұл чемпионат KazSport телеарнасында және YouTube каналында көрсетіледі. Сонымен қатар, байрақты бәсекенің ойындары Бастау клубында өткізілуде. Жарыстың финалдық ойыны сәуірдің 8- і күні өтеді.