ҰОК Токио Олимпиадасына дайындық кездесуін өткізіп жатыр
Токиода 2020-шы жылы өтетін Олимпиада ойындарына Ұлттық олимпиада комитеттерінің қатысуымен бес дайындық кездесудің үшіншісі өтіп жатыр.
Кездесу барысында Токио-2020 ойындарына дайындық пен жоспар қарастырылды. Қазақстан атынан бұл жиынға хақықаралық қатынастар департаментінің басшысы Әлімжан Ақаев қатысуда.

Токиодағы XXII жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына 33 спорт түрі енді. Арасында жаңадан қосылған бейсбол, карате, серфинг, құзға шығу және скейтбординг сынды спорт түрлері бар. Токио Олимпиадасының ұйымдастыру комитетінің жоспары бойынша төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға 11 090 спортшы қатысады деп күтілуде. Жарысқа қатысушы спортшылардың 48,5 пайызын әйелдер құрайды деп жоспарлануда.
Айта кетейік, 2020 жылғы Олимпиада ойындарына бірнеше спорт түрлерінен қосымша сайыстар енгізілді. Олар: жеңіл атлетикадан 4х100 метр қашықтықта сайыс, дзюдодан командалық сайыс, садақпен ату және триатлоннан аралас командалық сайыс, баскетболдан 3х3 сайысы (ерлер, әйелдер), үстел теннисінен аралас жұптық сайыс, семсерлесуден командалық сайыс, жүзуде 800 метр (ерлер) және 1500 метр (әйелдер) қашықтықта сайыс, велоспортта "мэдисон" (ерлер, әйелдер) сайысы.
Наурыздың 27-і мен 28-і ҰОК өкілдерінің қатысуымен 2020 жылғы Олимпиада ойындарының нысандары көрсетіледі. Ұйымдастыру комитетінің мәлімдеуінше, көптеген спорт кешендер келер жылдың жазында іске қосылады.