Наурыз мейрамындағы спорттық жарыстарға 300-ден астам павлодарлық қатысты
Павлодарда Наурыз мерекесіне орай Орталық алаңда ұйымдастырылған түрлі спорттық шараларға 300-ден астам облыс тұрғындары қатысты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлықтар жамбы ату, арқан тарту, гір көтеру, армрестлинг, ляңгі, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату және ат спорты түрлері – қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, сонымен қатар қошқар көтеру, тымақ лақтыру, жілік сындыру бойынша сайысқа түсті.
- Орта есеппен алғанда бұл жарыстарға 300-ден астам адам қатысты. Оны 4000 – 4,500 көрермен тамашалады. Ең көп қызығушылық тудырған – ат спорты болды. Мәселен,қыз қууға жиналғандардың қарасы қалың болды. Айым мен Әлия есімді кенжекөлдік кәсіби спортшы қыздар жігіттердің көбіне жеткізбеді. Қазақ күресі бойынша сынға түскендер де аз болмады. Облыстың түрлі өңірінен қатысушылардың келгені Наурыздың ауқымды тойланғанын көрсетеді, - дейді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің спорт секторы меңгерушісі Күмісай Асайынова.
Спорт секторының меңгерушісі атап өткендей, ләңгі жарысы өте қызықты өтті. Алдағы уақытта бұл жарыс тұрақты өткізілетін болады.
Айта кетейік, спорттық сайыстарда 200-дей медаль мен дипломдар сарапқа салынып, жеңімпаздарға 150 шақты түрлі сыйлықтар табысталды.