ШҚО спортшылары ҚР чемпионатында жүлдегер атанды
Талдықорғанда 1998-1999 ж.т. жастар және қыздар арасында дзюдодан Қазақстан Республикасы чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталмыш сында жеті спортшы жүлдегерлер қатарынан көрінсе, оның екеуі жеңімпаз атанды.
Татами бәсекесіне қатысушылар Астана, Алматы қалаларынан және еліміздің 14 облысынан келіп, өзара шеберлік байқасты. Шығыс Қазақстан облысының намысын арқалап барған спортшылар сайыста жеңіске деген жігер танытып, өздерінің қарым-қабілеттерін ел көлемінде паш етті. Қыздар арасында Қазақстан Республикасы чемпионы атағына 78 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жүлдегері, семейлік Назерке Тлеуханова қол жеткізді. Өскемендік Ильяс Қалиолда да бұл жарыста 100 келіден жоғары салмақта тұғырдың ең биік сатысынан орын алды. Қуан Барыс 73 келіге дейінгі салмақта сайыстың вице-чемпионы атанса, шығысқазақстандық төрт спортшы қола медальға иелік етті. Атап айтсақ, 44 келі салмақта Еркежан Махмудова, Ерзат Арғынов 73 келіге дейінгі салмақта, Анель Наурызбаева 78 келіден жоғары салмақта және Қуандық Стамполов 90 келіге дейінгі салмақта үздік үштікті қорытындылады. Ел біріншілігі нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер Азия және Әлем чемпионатында бақ сынауға мүмкіндік алды.
ШҚО Дене шынықтыру және спорт
басқармасының баспасөз қызметі