Бауыржан Нұрғазыұлы: Мақсатымыз қазақ спортына жанашырлық таныту
Жуырда футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды. Қазақстан құрамасының жеңісіне ел болып қуанып жатқан тұста бір шикіліктің шеті шыққан еді. Ұлттық құрама ойыншылары жарысқа қатысу үшін киерге киім таппай қиналғандығы қазақстандық БАҚ бетінде жарияланды. Осы жайттан хабардар болған «БН Қаскелең» әуесқой футбол клубының президенті Бауыржан Нұрғазыұлы футзалдан ұлттық құрамаға қолдан келетін көмегін аянып қалғысы келмейтінін айтты.
- Бауыржан Нұрғазыұлы алдымен «БН Қаскелең» клубы жайлы айтып өтсеңіз.
- «БН Қаскелең» клубы осыдан екі жыл бұрын құрылған болатын. Өткен маусымда Алматы қаласының чемпионы атандық. Кубоктық жарыста екі мәрте топ жардық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұқаралық спортты дамыту жөнінде жолдауы бар. Біз де сол жолдауға қолдау көрсетіп, ауданымызда әуесқой спортты дамытсақ дейміз.
- Сіз футзалдан ұлттық құрамаға көмектеуге дайынмын депсіз?
- Ия, мен футзалдан Қазақстан құрамасында форма мәселесінде қиыншылықтар бар екендігін қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыдым. Достарым арқылы Қазақстан құрамасына көмектесуге әзір екенімді айттым. Ұлттық құрама ойыншыларынан жауап күтіп отырмыз. Олар ҚФФ-мен аылдасып6 жауабын жеткізетіндігін айтты. Біздің қолдан келетін көмек болса аянып қалмаймыз. Жаттығу процестеріне керек құрал-жабдықтардың барлығын алып беруге дайынбыз.
- Сіздердің тараптарыңыздан футбол жейдесінде «БН Қаскелең» деген жазу жазылса деген өтініш болыпты?
- Ондай талаптың болғаны рас. Алайда, оқырмандар дұрыс түсінсе екен деймін. Біз бұл жерде «БН» фирмасын жарнамалауды мақсат тұтпаймыз. Тек аудандық командамызда намысын қорғап жүрген әуесқой футболшыларды елге таныту ғана.