«Ақтөбе» ФК директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Руслан Хамбаров Prosports.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында «Тобылмен» матчтағы төрешілік жайлы пікір білдіріп, клубтағы рөлі туралы және чемпионаттан не күтетінін айтты.

- Руслан Геннадьевич, қазір «Ақтөбемен» қарым-қатынасыңыз қандай? Сіз клубта қандай да бір ресми қызметтесіз бе?

- Құжат бойынша клубқа ешқандай қатысым жоқ. Бұған дейін, 2020 жылы наурыздан биыл шілдеге дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған кезде «Ақтөбе» футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін қоса істедім.

Ал іс жүзінде клуб басшылығы, жаттықтырушылар алқасы, ойыншылар және жанкүйерлермен тығыз байланыстамын. Клубқа шын жүректен алаңдаймын және оған барлық қолдау көрсетуге тырысамын. Командада үш маусым болдым, осы аралықта Бірінші лигаға түсіп, пандемия кезінде доп ойнап және Қазақстан футболының үздіктер көшіне қайта қосылдық.

– Ақтөбеде болып жатқан процестерге араласасыз ба?

- Директорлар кеңесінің төрағасы болып тұрған кезде де клуб жұмысына араласқан емеспін, қазір тіптен олай істемеймін. Бұл жұмысты басқарма төрағасы Ерлан Жамантаев мырза атқарады. Мен оған қашан да толық сенім білдіремін, ол ойымнан қазір де айныған жоқпын. Менің негізгі міндетім тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету және инфрақұрылым мәселелерін шешу болатын, бірақ қазір бұл облыстың жаңа басшылығының еншісінде. Қазір мен тек кеңес бере аламын, немесе кей жағдайға қатысты пікірімді айта аламын.