Футзалдан Қазақстан құрамасы Литвадағы әлем чемпионатының жартылай финалында Португалиядан жеңілді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Литвалық Каунас қаласында өткен кездесуде әлем чемпионатының жартылай финалына алғаш шыққан Қазақстан мен 2016 жылғы Еуропа чемпионы Португалия құрамалары күш сынасты.

Бірінші таймда португалиялықтар көбірек соққы жасады. Бірақ Қазақстан шабуылдары қауіптірек көрінді. Мысалы, Тайнанның қайшылай тепкен соққысы қақпа маңдайшасын теңселтті. Кейін Біржан Оразов та әдемі комбинацияны голға айналдырмақ болған, алайда португалиялықтарды қақпа бағанасы құтқарып қалды. Оның алдында Оразовтың голын төрешілер есептемей қалғанын айта кеткен жөн.

Екінші тайм Кака шәкірттері үшін сәтсіз басталды. Варела Қазақстан қақпасының маңында қараусыз қалып, жақын бұрышты дәл көздеді. Кейін Қазақстан көбірек допқа иелік етіп, есепті теңестіруге тырысты. Сондай шабуылдардың бірінде Игитаның соққысы тағы да бағанаға тиді.