Тұтас әлемде футбол матчтары Диего Марадонаны еске алу мақсатында бір минут үнсіздікпен басталып жатыр, деп жазады Prosports.kz.

Алайда испаниялық футболшы қыз бұл рәсімнен бас тартып, Марадонаны еске алуға арналған бір минуттық үнсіздікке қатысқан жоқ.

Бұл жағдай «Виахес Интерриас» әйелдер футбол клубы мен «Депортиво Абанка» командасы арасындағы матчта орын алды. Ойын алдында бір минуттық үнсіздік жарияланып, спортшылар алаңның ортасында сап түзегенде «Виахес Интерриас» ойыншысы Паула Дапена кері бұрылып, көгалға отырып алды.

24 жастағы бойжеткен бұл әрекетін «зорлаушы әрі тиранның құрметіне» бір минут үнсіздік жариялауға қарсы екендігімен түсіндірген.

25 қараша - Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күні. Паула дәл осындай күнде зорлық-зомбылық құрбандарына құрмет көрсетілмегеніне наразы болған көрінеді.

«Біз зорлық-зомбылық құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алмадық. Сондықтан мен оның орнына зорлаушыны еске алудан бас тарттым», - деді футболшы.

Айта кетейік, XX ғасырдың үздік ойыншыларының бірі Диего Марадона 25 қарашада 60 жасында қайтыс болды.

Диего Марадона көз жұмды

Марадона қайтыс болар алдында қандай жарақат алды