Қазақстандықтар Тимофей Скатов пен Жібек Құламбаева Мысырдағы ITF турнирінің жартылай финалына шықты.

Шарм әл-Шейх қаласында өтіп жатқан жарыста әлемнің 446-ыншы, осы доданың 6-ракеткасы Тимофей Скатов ширек финалда рейтингте 711-орындағы жапониялық Шинтаро Мочизукимен кездесті. Қазақстандық теннисші 6:3, 6:1 есебімен онша қиналмай жеңіске жетті.

Мұның алдында 19 жастағы Тимофей Скатов украиналық Юрий Джавакянды 7:5, 7:6 (7:4), ресейлік Евгений Филипповты 6:4, 6:3 есебімен жолдан тайдырған болатын. Енді Тимофей Скатов финалға шығу үшін рейтингте 775-сатыдағы америкалық Феликс Корвинмен таласады.

Әйелдер арасындағы осы жарыста әлемнің 658-ракеткасы, 20 жастағы Жібек Құламбаева сәтті өнер көрсетуде. Жібек алдымен рейтинге өзінен төрт саты жоғары тұрған ұлыбританиялық Фрея Кристиді 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Содан кейін әлемнің 476-ракеткасы, украиналық Марианна Закарлюкты тартысты кездесуде 6:3, 4:6, 7:6 (7:5) есебімен тізе бүктірді. Ал бүгін рейтингте 1007-сатыдағы америкалық Эмма Дэвисті 7:6 (8:6), 6:2 есебімен ұтты.

Ж.Құламбаева рейтингте 626-орындағы тайваньдық Джоанна Гарлендті ұтса, финалға шығады. Тимофей Скатов та, Ж.Құламбаева да – жас ойыншылар. Алдағы уақытта ITF ғана емес, челленджер, одан да ірі додаларда табысқа жетсе, рейтингілері жоғарылайды.