Футболдан Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясында екі матч өткізгені белгілі. Сырт алаңда Литваны жеңіп, қанаттанып қайтқан команданың Алматыда сағы сынды. Беларусьпен өткен ойында (1:2)тең есепті уыстан шығарып алдық.

Ғафуржан Сүйімбаев неге қателесті? Футболшыны кім қорқытып-үркітті? Қазақстанда жанкүйерлік мәдениет дамымаған ба? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын білмекке ұмтылған Prosports.kzтілшісі Мадияр Қазыбек ұлттық құрама бас бапкерінің көмекшісі Қайрат Нұрдәулетовтен шағын сұхбат алған еді.

- Қайрат, әңгімемізді Қазақстан – Беларусь матчы төңірегінде өрбітсек. Сұрақты төтесінен қояйын. Екінші голға тікелей кінәлі адам болса, ол – Сүйімбаев. Ғафуржан неге қателесті?

- Мен Ғафурдың өзімен сөйлескен жоқпын. Біз міндетті түрде мұны әлі талдаймыз. Оған біраз уақыт беру керек.

- Лисаковичтің де бағы бес елі екен...

- Ғафуржан оны көрмей қалды ма екен деп те ойлаймын, Беларусь шабуылшысы бәкене бойлы екен. Біздің қорғаушылардың арасында көрінбей тұрды.

- Елдегі біраз ақпарат құралдары Ғафуржанның қателігін масқараға теңеп жатыр. Бұл туралы не айтасыз?

- Алаңда түрлі жайттар болады. Бұл ойын ғой. Қателіксіз футбол болушы ма еді? Әлемнің үздік ойыншылары да өз қақпаларына гол соғып, болмаса пасты дұрыс бермей, соның кесірінен гол соғылып жатады. Түймедейді түйедей ететіндердің пиғылын түсінбедім.

- Ұлтын сөз еткендерді де оқыдық…

- Ол енді сорақылық. Ғафуржанның Қазақстан үшін ұлттық құрама сапында соққан голдарын неге ұмытып кеттік? Латвияға соққан голы өз алдына шедевр болса, 2017 жылы Дания қақпасына зеңбіректен атқандай етіп тепкен добы қақпаны қақыратқанда, күллі Еуропа тамсанған еді. Одан бөлек, жанкештілікпен ойнайтыны тағы бар, тепкен добы түзу ұшып, қарсыластың апшысын қуырады.

- Әлеуметтік желіде Сүйімбаевке «құрамадан кет» деумен қатар, балаға сөздер айтқандар да табылды. Қазақстанда жанкүйерлік мәдениет қалыптаспаған ба, қалай ойлайсыз?

- Қанша адам бар, сонша пікір бар. Адам қанша қателессе де, оның намысына тиюге болмайды. 100 жақсылықты бір жамандық шайып кетеді деген сөздің жаны бар екен. Уақыт өтер, бәрі ұмытылар. Ғафуржан бұрын қалай ұлттық құрама үшін жанын салып ойнаса, алда да солай ойнайтынына сенемін.

- Футболшы бүгін жанкүйерлерден кешірім сұрады.

- Әрине, ол өзін кінәлап жүр, оны жақсы түсінемін. Оңай емес. Оны осындай кезде қолдауымыз керек. Қазақстан жеңілсе - оған тұтас команда кінәлі

- Қазақстан – Беларусь матчынан кейін ұнжырғасы түскен жанкүйерлерге не айтасыз?

- Біздің бір ғана құрамамыз бар. Командамыз жас. Бұрынғыдай емес, легионерлеріміз де бар. Вороговский, Исламхан, Зайнутдинов және Быстров сынды сыртта ойнап жүрген футболшыларымызға қоса, Айымбетов, Әбікен, Әліп сынды тәжірибелі жастарымыз да көңілге үміт отын ұялатады. Жігіттерге сенім білдірейік. Жеңісті күндер әлі алда деп ойлаймын.

- Көп рахмет!