Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Брифингтің негізгі тақырыбы «Бұқаралық спортты дамытудың кешенді жоспарын іске асыру» болды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кездесу барысында Ақтоты Райымқұлова бұқаралық спортты дамыту үшін ҚР 8 заңнамалық актісіне 33 түзету енгізілгенін айтты.

24.kz телеарнасының тікелей эфирінде Райымқұлова «Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» туралы егжей-тегжейлі мәлімдеді.

«2016 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің №168 Жарлығымен халықтың жүйелі дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану деңгейін 35 пайызға дейін көтеруді тапсырды.

Құрметті журналистер мен БАҚ өкілдері!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту спорт индустриясы үшін басым бағыттардың бірі екенін айтқан болатын. Аталған тапсырмаларды орындау мақсатында министрлік дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын жасады.

Кешенді жоспар ел Президентінің өткен жылғы ел халқына жолдауында бұқаралық спортты дамыту қажет деген тапсырмасы негізінде, сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттау, халықтың барлық тобы арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды өскелең ұрпаққа қолжетімді еткізу мақсатында әзірленді. Кешенді жоспар 5 басты бағыттан тұрады: нормативті-құқықтық қамтамасыз ету, мектеп және студенттік спорт, спорттық желілерді кеңейту, салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық-бұқаралық шараларды қамтиды», - деді Ақтоты Рахметоллақызы.

Сонымен қатар, дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс жұмыстарға қосымша ақы төленетіні туралы айтылды. Қосымша төлем негізгі жалақының 100 пайызы мөлшерінде болады. Жыл сайын балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен спорт мектеп-интернаттары жаттықтырушыларының жалақысы 2020 жылдан 2023 жылға дейін 25 пайызға артады.

Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, 5428 орта мектепте спорт залдары бар. Бұл спортзалдарға тартылған адамдардың жалпы саны 100 мыңнан асады.

«Біздің тағы бір мақсат - спорттық желілер мен инфрақұрылымды арттыру. Бүгінде елімізде 579 балалар-жасөспірімдер клубы мен балалар-жасөспірімдердің дене даярлығына арналған 107 клуб жұмыс істейді. Сәйкесінше, балалар-жасөспірімдер клубы санын 700-ге, балалар-жасөспірімдердің дене даярлығына арналған клуб санын 340-қа өсіреміз. Осылайша дене шынықтыру мен спортпен айналысатындардың саны 100 мың адамға өседі», - деді Ақтоты Рахметоллақызы.

Сонымен бірге, жоспарда ауылдық жерлерде халықпен жұмыс жасау үшін спорт нұсқаушыларының санын көбейту қарастырылғаны, қазіргі уақытта қажеттілік 1345 адамды құрайтыны айтылды.

Министрдің айтуынша, студенттік және мектеп лигаларының санын арттыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта мұндай лигалар Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен барлық деңгейде 7 спорт түрінен өткізіледі. Мұндай лигаларға 1,5 миллион мектеп оқушылары мен студенттерді тарту жоспарланған.

Бүгінгі таңда 38 699 спорт нысандары бар, олардың 23 964-і қарапайым спорт нысандары. Жергілікті атқарушы органдардың есебінше, спорттық инфрақұрылымға деген қажеттілік орташа алғанда жылына 1 мыңнан асады, біздің жоспар бойынша 2025 жылға дейін спорттық нысандар санын 30 мыңға дейін көбейту көзделген.

Сонымен қатар, министр кешенді жоспарда Е-sport cандық платформасын енгізу қарастырылғанын айтты.

«Аталған платформада спортқа қатысты басты құжаттар: біріккен спорттық классификация, спорттық күнтізбе, спортшылардың, жаттықтырушылар мен төрешілердің біріккен электрондық базасы сақталады. Біз бұл жұмысты 2020 жылдың соңына дейін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп аяқтаймыз. Біздің жасаған құжатымызда спорттық-бұқаралық шаралар да бар. Министрліктің ұйымдастыруымен 2019 жылы «Қазақстан Жастар Fest» жобасы жүзеге асырылған болатын. Бұл бастамамызды өңірлеріміз белсенді қолдаған еді. Жоспарда аталған фестивальді жыл сайын тұрақты түрде өткізу ойластырылған. Жасалып жатқан жұмысты халыққа жеткізу де аса маңызды. Сондықтан бүгінгі жоспарымызды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы спортсүйер қауымға жеткізуді қалаймыз.

2025 жылы халықтың барлық тобы арасында дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысатындардың саны 40 пайызға жетіп, немесе 7,5 млн адамды құрайтын болады, яғни өсім 1,8 млн адамға жетеді. Бұл кешенді жоспардың қабылдануынан күтілетін әсер», - деді министр.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын іске асыру аясында, ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына сәйкес, педагогикалық құрамның жалақысы 2020 жылдан 2023 жылға дейін жыл сайын 25% -ға ұлғайтылды.

Бұл өсім қосымша білім беретін мұғалімдерге, яғни жаттықтырушыларға, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен спорт мектеп-интернаттарының мұғалімдеріне бағытталған.