Еліміздегі үздік семсерлесушілердің бірі және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы Тамила Муридова өзін Қазақстан құрамасындағы әріптесі зорлағанын жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz Astanatv.kz сайтына сілтеме жасап.

Қыздың айтуынша, олардың қарым-қатынасы 16 жасында басталған. Ер адам Тамиланы үш жыл бойы ұрып-соққан.

«Менің тістерім сынды, оны әйтеуір түзетіп, жасаған болды. Ол мені аңдып, қарауылдап жүретін. Тіпті тәулік бойы аңдитын. Мен шыққан кезде бетіме түкіріп кетіп қалады», - деді Муридова.

Осындай таяқ жеген күндердің бірінде спортшы қыз өзінің құрбысына қашып барды, ол полицияға хабарлауға шешім қабылдаған.

«Біз үйге кіргенде оның таяқ жеп келгенін байқадым. Мұрны ісіп кеткен, ерні жырылған, киімі қан-қан. Ол не істеу керектігін, тіпті қайда барарын білмейтінін айтты. Бірақ полициямен сөйлескеннен кейін де, Тамиланы ренжіткен адам еш өзгермеді», - дейді Муридованың досы Анна Королева.

Спортшы қыздың құрбысы сонымен бірге, Тамиланың ата-анасына қауіп төне бастады және ер спортшының жазаланбауы оның семсерлесуден ұлттық құрама мүшесі екендігімен байланысты деп санайды. Сондай-ақ, Муридова екеуі жаттығуда кездесіп қалатыны, ал жаттықтырушылар құрамы ешқандай шара қолданбайтыны туралы да айтты.

«Бұл жағдайда барлық алғашқы тергеу шаралары мен сараптамалар жүргізілді. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеудің ең аз мерзімі - 2 ай, күрделілігіне байланысты оны алты айға дейін ұзартуға болады», - деп түсіндірді Алматы қалалық ДП-нің ресми өкілі.

Айта кетелік, Муридованың қолына жақында сараптама нәтижесі тиуі тиіс. Зорлық-зомбылық әрекеті расталған жағдайда оның әріптесі спортшы 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.