Қазақта «әке көрген оқ жонар» деген сөз бар. Даңқты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Ерасыл Болатты солардың қатарына жатқызуға болады. Бірақ спорттық мәнсабы мен жеке өмірі үйлесім тапқан талантты спортшы соңғы кезде ел көзінен таса қалып жүр. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, көптеген халықаралық турнирде топ жарған дзюдошы қазір қайда? Prosports.kz тілшісі осы сұраққа жауап алмаққа талпынып көрді.

- Ерасыл, соңғы кезде көрінбей кеттің?

- Иә, оның да себебі жоқ емес. Кәсіпқой спортта жүрген соң жарақат алмай тұрмайсың. Соңғы жарақатым ауырлау болды. Сөйтіп, дзюдоны қоя тұруға тура келді. Қазір қалпыма келе бастадым.

- Жаттығуға қашан кірісесің?

- Жаттығуды бастап кеттім. Әрине, қиын кезең болды. Ауыр күйзеліске түстім деуге де болады. Бүкіл арман, мақсаттарымның күлі көкке ұшқандай еді. Ешкімнің басына бермесін. Рас, спортшының жауы - денеңді мертіктіріп алу. Енді ғана өз-өзіме келіп, 2024 жылғы Олимпиада ойындарына мақсатты түрде дайындалмақ ойым бар. Өзіме серт бердім, Олимп шыңын бағындыру қолымнан келеді деп ойлаймын.

- Туған-туыстарың, достарың қолдау білдірген шығар?

- Жақындарымның бәрі дерлік қолдады. Арқасүйер дос-жаран бар. Бәріне алғысым шексіз.

- Жалпы Болат Тұрлыханұлы мен Мәрзия Айтбайқызы Тұрлыхановтардың немересі, Жүрсін Ерманның жиені және Дәулет Тұрлыхановтың ұлы болу ел алдында жүріп-тұруыңды қаншалықты қиындатады немесе керісінше жеңілдете ме?

- Жауапкершілікті үнемі сезініп жүремін. Халыққа аса танымал тұлғалардың отбасынан шыққан соң, әр қадамымды аңдап басып, әр сөзімді ойланып сөйлеуге тырысамын. Аталарым, әкем салған сара жолды жалғастырсам деймін.