2020 жылды әлем халқы үрей құшағында қарсы алды. Қытайдың Ухань қаласында өткен жылдың аяғында тіркелген COVID-19 инфекциясы қаңтар айында қарқын ала түсті. Коронавирус атауымен әлемге таралған қауіпті инфекция жұқтырғандар саны 3 наурыздың кешіндегі мәлімет бойынша 92 мыңнан асқан. Ал коронавирус белгісі байқалған елдер саны 77-ге жетті. Осыған орай, бүкіл әлем мемлекеттері қауіпсіздік шараларын күшейтуде. Қазақстан билігі де шекараны қымтап, шеттен келетін азаматтарды қатаң бақылауға алуда. Сондай-ақ, ел аумағында өтетін ірі спортық жарыстарға шектеу қойып, тұрғындарға мейілінше сақ болу қажеттігін ескертіп жатыр.

Коронавирус әлемдік спортқа да үлкен қауіп төндіріп отыр. Алдымен Олимпиада ойындарына іріктеу турнирлері кейінге шегеріліп, кейбір жарыстардып өткізу қауіпсіз мемлекеттерге ауыстырылған болатын. Кейін бірнеше әлем чемпионаттары мен әлем кубогі додаларының өтпейтіні анықталды. Тіпті, Токио Олимпиадасы мен футболдан Еуропа чемпионатының өту-өтпеуі туралы мәселе қозғала бастағаны да жасырын емес.

Токио Олимпиадасына эпидемия қаупінің төніп тұрғаны туралы алдымен ХОК мүшесі Ричард Паунд мәлімдеді. Ол 2020 жылдың мамыр айына дейін коронавирустың алдын алу шаралары жүргізілуі қажеттігін ескертті.

«Қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөліп, олимпиадалық деревнядағы тамақ құрамына аса мән беру қажет. Ұйымдастыру комитеті мамыр айына дейін қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Егер вирус қарқыны бәсеңдемесе, Токио Олимпиадасының өтпеу қалу қаупі де бар», - деді WADA-ның бұрынғы басшысы әрі ХОК-тың ең егде мүшелерінің бірі Ричард Паунд 25 ақпандағы АР агенттігіне берген сұхбатында.