Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан мен «Қайрат» арасындағы келісімшарттың мерзімі желтоқсанның аяғында аяқталады. Алматылық клубпен келісімшарт мерзімін ұзартпай, Бауыржан Еуропаға жол тарту туралы нық шешім қабылдаған көрінеді. «Қайраттың» қатарына 2014 жылы қосылған Бауыржан командасымен ішкі чемпионатта «Астанадан» алтынды ала алмаса да, футболшы ретінде жыл сайын деңгейі көтерілді. Әр трансферлік терезе кезінде біздің Бауыржанға Ресейдің бірнеше белді клубтарының және Шотландия, Болгария, Польша елдерінендегі көшбасшы командалардың қызыққаны жайлы жаңалықтарды басылымдар жарыса жазды. Prosports.kz соңғы 5-6 жыл кезінде шыққан осы мазмұндағы ақпараттарды теріп, бір материалға сыйғызуды жөн көрді.

Тараз топырағында футбол әліпбиін меңгерген Исламхан 2012 және 2013 жылдары өткен Достастық кубогында Қазақстан жастар құрамасын өрге сүйреп, «Зенит» пен «Рубиннің» назарын өзіне аудартты. Ресей басылымдары петерборлық клуб 20 жасқа енді толған жас талант алдағы 1-2 жылда команданың негізгі футболшысына айналатынына сенімді деп жазды. Алайда, 2013 жылдың ақпан айында сол жылдардағы ресей футболының ортаң қол командасы, дәл қазіргі таңда аты-затымен жоқ «Кубань» қазақстандық футболшыны 200 мың еуроға сатып алуға бел буды. Өкініштісі сол, жас Бауыржан краснодарлық клубтың негізгі құрамынан орын ала алмады. Жарақат кедергі болды. Бір сөзбен, «Уфадағы» Еркебұлан Сейдахметтің күйін кешті. Сейдахмет башқорстандық ұжымның сапында екі матчта алаңға шықты. Бауыржан болса, «Кубаньда» бір матчқа да қатыспады. Жастар командасында бір-екі рет көрінді.