Еуропа Лигасының топтық кезеңдегі «Партизан» – «Астана» матчы алдында сербиялық клубтың бас бапкері Саво Милошевич баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Prosports.kz, елордалық клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.

– Бізді жыл соңындағы ең маңызды ойынның бірі күтіп тұр. «Астанаға» қарсы өтетін матч турнир кестесіне әсер етпесе де, біз үшін маңызды болмақ. Ойынның қандай есеппен аяқталатынын білмеймін, өйткені оның екі себебі бар. Біріншісі, команда ойыншыларының күші сарқылып, сары қағаз алған футболшылардың саны көбейіп кетті. Сонымен қатар Шчекич ертең алаңға шыға алмауы мүмкін. Екіншісі, біз «Астананың» қай құрамда шығатынын және футболшылардың қаншалықты бабында екенін білмейміз. Олар соңғы ресми ойынын осыдан үш апта бұрын өткізді. Дей тұрғанымен, «Партизан» өз жанкүйерлері алдында жеңіске жету үшін 100 пайыз бар күшін салады.

- Турнирлік маңызы жоқ ойын алдында футболшыларыңызға қалай мотивация бересіз?

- Меніңше, бізде мотивация беру жағынан мәселе болмайды деп ойлаймын. Ойыншыларым біз үшін үш ұпайдың маңызды екенін және алдағы уақытта клубтың коэффициенте ұпай қосылатынын жақсы біледі. Жалпы айтқанда, футболшылар жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін барын салады.

- Қалай ойлайсыз, «Астанаға» қарағанда «Радник» клубымен өтетін ойын маңызды ма?

- Шілде айында футбол маусымы басталғалы бері «Партизан» үшін бірде-бір маңызсыз ойын болған жоқ.

- Шчекич ертеңгі матчқа қатысуына не кедергі болуы мүмкін?

- Ол соңғы жаттығулардың бірінде өзін жайсыз сезінді. Бүгін жаттығу барысында бәрі белгілі болмақ. Дегенмен оның жоқтығы команданың ойына әсер етпеуі керек.

- Ертеңгі ойынға қанша көрермен жиналады деп ойлайсыз?

- Ойын есебіне болжам жасау қиынырақ, ал адам санына болжам жасау одан да қиын.

- Матчтың турнирлік маңызы жоқ екені ойынға кері әсерін тигізбей ме?

- «Партизан» Еуропа лигасында үнемі жемісті нәтиже көрсетіп келеді. Ертең тағы да үш ұпай олжалауға қарсы емеспіз. Ойын тартысты болады деп айта алмаймын, себебі екі команда ойыншыларында шаршау бар. Бірақ ертең жасыл алаңда бар күшімізді салатынымызға кепілдік беремін. Сондай-ақ жұмсақ алаң футболшылардың қосымша күш жұмсауына кедергі келтірмек.