Ақмолалық армрестлерлер Румынияда өткен Әлем чемпионатында 3 алтын медаль иеленді.

Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Констанце қаласында өткен байрақты жарысқа әлемнің 54 елінен 1500-ге жуық спортшы қатысты. Ұлттық құрама сапында болған ақмолалық армрестлерлер әр деңгейдегі 6 медаль иеленді.

«Нақтырақ айтсақ, жастар арасында 65 келі салмақта сынға түскен Дмитрий Тюков сол қолымен қарсыластарының барлығын жеңіп, әлем чемпионы атанды. Бұл оның әлем чемпионатындағы екінші алтын жүлдесі.

Сонымен қатар, есту қабілеті нашар әйелдер арасында 70 келіден жоғары салмақта Любовь Гергерт сол қол күресінде жарыс жеңімпазы атанса, ерлер арасында 100 келіден жоғары салмақта Андрей Путинцев бір алтын және бір күміс жүлдеге қол жеткізді.

Бұдан бөлек, тірек қимыл аппараты бұзылған әйелдер арасында сол қол күресінде Светлана Лопата үшінші, жастар арасында 90 келі салмақта оң қол күресінде Данил Борисов бесінші орынға тұрақтады», - дейді Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большина.