Бокстан әлем бірінішілігінде ширек финалдық жекпе-жектер аяқталды. Алтын, күміс, қола жүлделерге таласатын боксшылардың бәрі анықталды. Алты қазақ боксшысы 1/2 финалда жұдырықтасуға мүмкіндік алды. Құрама еншісінде алты медаль бар деген сөз.

Ширек финалға Қазақстаннан жеті боксшы жолдама алған еді. Күтпеген жерден екі жыл бұрынғы жаһандық додада қарсылас шақ келтірмеген 57 келідегі Қайрат Ералиев, 1/4 финалда өзбек боксшысынан ұтылып, жарыстан шықты. Бокс жайлы әлемге әйгілі «Солақай» деген кино бар. Сонда бапкер шәкіртіне: «саған қорғануды үйрену керек, бетпен соққыны қабылдау - қорғаныс емес» деп айтқаны бар. Дәл осы кеңесті біздің Қайратқа да айту керек. Шапшаң, соққысы дәл, аяқпен жақсы қимылдайтын боксшы қорғаныста қолмен тосқауыл қоюға ұмтылмайды. Қарсылас соққысын бетпен қабылдайды. Соның салдарынан бірнеше соққы өткізді, қабағы жыртылды. Нәтижесінде дәрігерлер жекпе-жекті тоқтатып тастады. Жеңіс қарсыласқа бұйырып кетті.