Бокстан Екатеринбургте өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалдық жекпе-жегінде қазақстандық Бекзат Нұрдәулетов жеңіске жетті.

81 келіде жұдырықтасатын Бекзат өте тартысты кездесуде түркиялық Байрам Малканды жеңді. Төрешілер 4:0 есебімен жеңісті Нұрдәулетовке берсе, бір төреші тең есеп тіркеген.

Осылайша, әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отырған Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионатының жартылай финалына өтті.

Жартылай финалда ол Олимпиада чемпионы, кубалық Хулио Сезар Ла Крузбен жұдырықтасады.