Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионатының ұйымдастырушылары әлем біріншілігінің жүлдегерлеріне берілетін медальдардың дизайнын көпшілікке жария етті, деп жазады Prosports.kz. Ұйымдастырушылар дөңгелек пішіндес қалыпты дизайннан бас тартып, медальдің үш бұрышты түрін таңдаған. Бұл форма күрестің үш түрінен Біріккен күрес әлемі (United World Wrestling) аясында өтетін әлем чемпионатының бірлігі мен тұрақтылығы іспеттес. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ерлан Қожасбайдың айтуынша, медальдің бетінде біріншіліктің логотипі мен астанамыздың символы - «Бәйтерек» салынған. Ал логотипті толықтырып тұрған доғал сызықтар күрес әдісін сипаттайды. Ал медальдің екінші бетінде күрестен әлем чемпионатының символы - қар барысы бейнеленген.