Тәжірибелі жаттықтырушы, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бапкері Мырзағали Айтжанов Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мен Стив Роллс (19-0, 10 КО) арасындағы жекпе-жекке болжам жасады.

- Головкин біраз уақыт жекпе-жек өткізбеді. Сол себепті оның қазір қандай бабында екенін білмейміз. Бірақ ол - өте тәжірибелі боксшы. Жанкүйер ретінде отандасымызға үміт артамыз. Қазір әлемде Головкиннің салмағындағы басты қарсыласы - «Канело». Ал Роллсқа келер болсақ, ол GGG-ға қарсылық көрсете алмайды. Головкин оны қиналмай ұту қажет.

Сондерс, Чарли, Деревянченко секілді боксшылармен жұдырықтасу қажет Головкинге. Бірақ бұл жерде кәсіпқой бокстың нюанстарын ескеру қажет. Келіссөз жүргізуі бар, қарсылас таңдауы бар, пайда түсіру жағын да ұмытпау қажет. Біз оның түп-тамырын басып айта алмаймыз.

- Стив Роллсты бәрі әлсіз дейді, бірақ оның да боксшы екенін ұмытпауымыз қажет шығар. Роллстан қандай қауіп күтуге болады деп ойлайсыз?

- Головкин де шаршы алаңға бірінші рет шығып жатқан жоқ. Әуесқой бокстың өзінде талай жетістікті бағындарған Генаға ол төтеп бере алмайды. Головкин әуесқойда да, кәсіпқойда да тәжірибе жинап, әбден піскен, бокстың профессоры болған.

- Қазір Геннадий Головкинді Джонатон Бэнкс жаттықтырып жүр. Бапкер ауыстырғанына қалай қарайсыз?

- Абель Санчеспен бекер қоштасты, сәл күте тұру қажет еді немесе тым кеш қоштасты деген пікірлер естіп жүрмін. Бірақ мен - маман ретінде осындай дәрежеге жеткен боксшыға бапкердің берері көп деп айта алмаймын. Генаның өзі бапкер болуға дайын. Сол себепті бұл жерде жаттықтырушының рөлі қатты әсер етпейді.

- «Канелоға» қарсы үшінші жекпе-жек қажет пе?

- Материалдық тұрғыдан алып қарасақ, әрине қажет. Головкин біраз жасқа жетті. Кәсіпқойда аз уақыты қалды. Ары кетсе 3-4 жыл жоғары деңгейде жұдырықтасады. Осы уақыт аралығында кеткен есесін қайтарып, қазақ елін қуантып кетсе екен деген арман бар. Сол себепті үшінші жекпе-жек қажет шығар.

Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин 8 маусым күні Нью-Йорк қаласында канадалық Стив Роллспен (19-0, 10 КО) қолғап түйістіреді. Бүгін отандасымыз жекпе-жек алдында ашық жаттығу өткізді.

Головкин мен «Канело» екі рет жұдырықтасқан. Алғашқы кездесуде қос боксшы тең түссе, екіншісінде мексикалық спортшы төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Ал үшінші жекпе-жек биыл күзде өтуі мүмкін.