Бірер күннен кейін Алматы төрінде футзалдан Чемпиондар лигасының финалдық кезеңі өтеді. Оңтүстік астанамызда Еуропаның үздік төрт командасы - «Қайрат», «Интер», «Спортинг» және «Барселона» бас қосады. Кәріқұрлықтың ең айтулы жарысы алдында кубоктан үміткер «Қайрат» клубының капитаны, тәжірибелі ойыншы Дінмұхамбет Сүлейменов Prosports.kz сайтына жарыс туралы пікірімен бөлісті.

- Осы жылдың ең маңызды жарысына дайындықтарыңыз қалай өтіп жатыр?

- Бәрі ойдағыдай өтіп жатыр. Жігіттердің барлығы сақадай сай. Қарсыластарымызды толықтай зерттеп жатырмыз. Техникалық, шеберлік жағынан әрбір ойыншыны жеке алып, қарастырдық. Кездесуге әлі үш күн бар. Бас бапкер әлі де болсын видеоларын дайындап, сараптап жатыр. Барлық жағынан дайын боламыз деген ойдамын.

- «Барса» - әлемнің үздік командаларының бірі. Жеребе қиын түскен жоқ па?

- Бұл жерде қарсылас таңдау қиын ғой. Финалдық кезеңге жолдама алған командалардың осалы жоқ. Өйткені, «Спортингті» алып қарсаңыз да, қазіргі чемпион «Интерді» қарсаңыз да - мықты ұжымдар.

«Ер кезегі үшке дейін» дейді ғой. Осы жолы жанкүйерлердің көмегімен, құдайдың бұйыртуымен жеңіске жетеміз деп сенемін. Барлығын алаң көрсетеді.

- Командадағы ең тәжірибелі ойыншысыз. Әлі қанша уақыт «доппен дос боламын» деп ойлайсыз?

- Әлі ойнайтын ойым бар. Құдайға шүкір, денсаулығым жақсы. Енді басшылықпен жаңа келісімшарт туралы келіскен жоқпыз. Бірақ жоспарда бар.